
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров түркиялық «Çalık Holding» компаниясының Басқарма төрағасы Ахмет Чалықпен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Түркиялық компания ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. «Çalık Holding» әсіресе жасымық пен қант қызылшасын өңдеуге баса назар аударады.
Айдарбек Сапаров қант қызылшасын өңдеу – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы қабылдау және қолайлы ауа райы жағдайларының нәтижесінде 2024 жылы қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналды – жалпы 1,3 млн тонна, ал өнімділік 510 ц/га-дан асты.
Қазақстан Үкіметі қант саласын дамыту жөнінде кешенді жоспар қабылдады. Ол қант нарығы қатысушылары үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ инвесторларды қолдау шаралары қарастырылған, оның ішінде қант зауыттарын салу және кеңейту шығындарын өтеу, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу субсидиялары қарастырылған.
«Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі өз құзыреті шеңберінде барлық қажетті жағдайды жасауға және инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Ахмет Чалық «Çalık Holding» Қазақстан нарығын белсенді түрде зерттеп, түрлі өңірлерде жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Оның ішінде терең өңдеу жобалары да бар. Ол Қазақстанды ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді инвестиция салу үшін стратегиялық әріптес ретінде көретінін жеткізді.