Атырау, 30 наурыз 01:43
 бұлттыВ Атырау +15
$ 503.42
€ 542.08
₽ 6.00

Бейнеудегі Бекет Ата жерасты мешіті табиғи газға қосылды

272 просмотра
gov.kz

23 наурыз күні Бейнеу ауданында орналасқан көне Бекет Ата жерасты мешітіне табиғи газ берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жоба жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен 2025 жылдың қаңтарында басталып, үш айға жуық уақыт ішінде толық аяқталды. Жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын газ құбырының тартылуы – мешітке келушілер үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тарихи нысанның сақталуына да оң әсерін тигізбек.

Шарада сөз сөйлеген Бекет Атаның жетінші ұрпағы Ташов Қалымбегі ата бүгінгі табиғи газдың тартылуы – ата-бабалар аманатына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.

- Бекет Ата мешітіне табиғи газ тартылуы – бұл тек тұрмыстық қолайлы жағдай ғана емес, бабалар мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі. Киелі орындарымыздың сақталуы – болашақ ұрпаққа аманат. Осы игілікті іске атсалысқан жандарға алғысым шексіз, берекеміз арта берсін, - деді Ташов Қалымбегі ата.

Бекет Ата жерасты мешіті – Қазақстанның жалпыұлттық сакралды нысандарының бірі. 1771-1775 жылдары тұрғызылған бұл ерекше сәулет туындысы жартасқа ойылып салынған және үш бөлмеден тұрады. Мешіттің негізгі бөлмесі дөңгелек пішінде жобаланып, төбесі жазық күмбез тәрізді жасалған. Оның сыртқы келбеті қазақтың дәстүрлі киіз үйіне ұқсайды.

Сондай-ақ, өңір басшысы Бейнеудегі сапарында «Отпан» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы жаңартылған Ж.Қалдығараев атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. 1062 балаға арналған 2 қабатты оқу орнында 2000-ға жуық оқушы білім алуда.

Бүгінде мектептің 16 оқу кабинеті жобаға сай жаңаша жабдықталып, заманауи техникамен және оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

26 наурыз, 10:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16