
Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы М. Мұхтаров, И. Тайманов, А. Төрешов көшесіндегі екіқабатты алты үйдің тұрғындары өз үйлеріне кіре алмай, тентіреп жүр.
Бұл үйлерді кезінде газшылар салғандықтан бұл бөлікке «Газпром» атауын берген. Мұндағы екіқабатты алты үйдің күйі кеткелі біраз болды. Тіпті өз үйлеріне кіре алмай жүрген тұрғындар әр жерде жүргенін ашына жеткізді.
- Менің бұл үйге көшіп келгеніме 24 жыл болды. Жыл сайын шатырын жөндейміз өзімізше. Алайда жауын-шашын жауғанда төбеден су сауылдап ағып тұрады. Өткен жылы үйімізді жөндеуден өткізгенбіз, бір рет жауған жаңбырдан бүкіл еңбегіміз зая кетті. Баспана болудан қалды, тентіреп жүрміз, келінім екі немереммен туыстардың үйінде. Қашанғы қаңғып жүреміз өз үйімізге кіре алмай. Бұл үйлердің шатыры жөндеуге келмейді, шіріп түсіп жатыр, кірпіштер құлап қауіп төндіріп тұр. Төбемізге тас түсіп кете ме деп қорқып жүреміз, балаларды үй жанына ойнатпауға тырысамыз. Әр күніміз қорқынышпен өтуде, - дейді тұрғын Гүлайым КЕНЖЕШОВА.
- Шатырдың жөндеуіне несие алып, қарызға кіріп жатырмыз. Өткен жылы жолдасым шатырды өзінше жөндеген болатын, бірақ су қайтадан ағып кетті. Анада қар ерігенде су сауылдап, токтың бойын қуалап қауіп тудырды. Балалар жарықты қосқанда қаліміз не боларын, жарыла ма, білмеймін, қайта дер кезінде өзім келіп счетчиктен өшірдім. Балаларым кішкентай, тіпті қорыққандықтан жылуды да айырып тастадық, енді сыз тартып үй көгеріп жатыр, - дейді Ғалия есімді келіншек налыған күйде.
- Менің көшіп келгеніме екі жыл болды, балаларым кішкентай, жұмысқа кеткенімде оларды бұл үйге тастап кете алмаймын, анда-мында тасып жүреміз. Кеше ток соқты, оны көрші қарт ажыратып тастады. Кеше ғана аудандық әкімшілікке барғанбыз жиналып, ол қолымызға техникалық қорытындысы шыққан құжатты берді. Онда бұл үйлер 2024 жылы сносқа кеткен екен. Бірақ бізге ол туралы айтып, ескерткен жоқ. Әкім орынбасары бұл үйлер жекеменшік болғандықтан өздерің жасап алыңдар дейді. Біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ, себебі баспана бізге керек. Бірақ әбден тозығы жеткен үйді қанша жамап жасқасақ та әл бермей тұр. Аудандық әкімшіліктен қайран болмағасын Сіздерге шығып тұрмыз, - дейді тұрғын Гүлзира ҚАЛИЕВА.
- Екі жылдан бері осы баспананы алғалы көргеніміз қорлық десе болады. Менің басымдагыны осы үй тұрғындары да бастан кешіруде. Едені сыз тартқандықан түрлі қоңыз, жәндіктер толып жүр. Әкімнің орынбасары токқа тартылсаңдар өздері жауап бересіңдер дейді. Осы жайды әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ өзі тікелей қолға алып, бір нәтижесін шығарса дейміз, - дейді Айдана ФАНДЫБАЕВА.
Жалғызбасты ана Назгүл ДОСМАҒАМБЕТОВА он төрт жылдан көрген азабын айтып шағымданды. Жалпы тұрғындар өздерінше шатырды бірнеше рет өз күштерімен жөндегенмен әбден тозған үйдің кетеуі кеткен. Баспана төбесінен су кеткендіктен қабырғалардың әктері түсіп, үй сыз тартып кеткен.
- Жалпы аудан бойынша 90 үй апатты деп танылды. Оның ішінде «газпромдағы» осы үйлер де бар, өткен жылы күреп тастайтын үйлердің санатына кірді. Бүгінде бұл үй мәселесімен айналысу мүмкін болмауда, су тасқынының алдын алу жұмыстарында жүрміз. Мамыр айларында бұл үйлерді зерделеп, үй сатып алуға ақша бөлуіміз мүмкін деп отырмыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ.
Құлсары қаласында баспана мәселесі өткір күйде. Салынып жатқан құрылыс жоқ. Өткен жылы тасқын судан зардап шеккендерге жүз үй салынып пайдаланылуға берілген болатын. Алайда апатты үй тұрғындары үшін баспана тұрғызылған емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор