Атырау, 3 сәуір 0029
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 503.05
€ 542.99
₽ 5.98

Сергелдеңге түскен шаруалар

Бейнежазба
705 просмотра

26 наурызда Махамбет аудандық әкімшілігі алдында Ақтоғай округіне қарасты Кеңөріс елді мекенінінің шаруалары су тасқыны салдарынан баспаналары суға кетіп, өтемақыға қол жеткізе алмай сандалып жүргеніне байланысты наразылық танытты. Бір жылдан бері малдары далада қалып, шырқы бұзылған шаруалар соттасумен күндерін өткізуде.

Өткен жылы көктемде Жайық өзені күрт көтеріліп, көптеген шаруашылықтарға зардабын тигізген болатын. Қора-жайлары су астында қалып, малдарын басқа бағытқа көшіріп әбігерге түскен. Бөгет соғылғанымен ол қорған болмай, тасқын су жарып кетті. Олардың арасында Кеңөріс елді мекенінде шаруашылықпен айналысып отырған алты үй бар.

Осыған орай 2025 жылы 20 қаңтарда Махамбет ауданындағы Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясы су тасқыны салдарынан жапа шеккен алты үй тұрғындарының өтінішін қараған еді. 

Комиссия  ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 21 қарашадағы №1222 «Төтенше жағдай салдарынан үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес «ZIGMUND» ЖШС-і мекемесінің техникалық сараптама қорытындысымен апатты деп танылған тұрғын үйі мемлекет меншігіне қайтарылып, мемелекеттік тұрғын үй қорынан жаңа тұрғын үй берілсін деген шешімге келеді. Бұл үйлер Махамбет ауданы аумағынан алынуы тиіс. Алайда коммиссияның бұл шешіміне шаруалар қанағаттанбай тұр. Өйткені ол үйлер бұрынғы баспаналары орнынан емес, ауданың орталығынан салынатын болған.  

- 2003 жылдан бері шаруа қожалығын құрып, төрт түлік мал өсірумен айналысып келемін, 15 гектар жерім бар. Өткен жылдың 19 мамырында су тасқыны салдарынан үй, қора, аулаларымыз су астында қалды. Бұдан кейін аудандық әкімшілік жанынан комиссия құрылып, зардабын анықтады. Біздің басқа кәсібіміз жоқ, тек осы шаруашылық қана күнкөрісіміз болып табылады. Комиссия үйді апатты деп танып, тигізген зардапты 5 млн 400 мың теңгеге бағалаған еді. Енді оның орнына аудан көлемінен үй беріліп, бұрынғы баспанамызды мемлекет меншігіне өткізуіміз керек екен, біз оған келіспей отырмыз. Біріншіден мен олардан үй сұрағаным жоқ, екіншіден басқа жерден үй керек емес, өйткені шаруашылығымыз бір жақта, өзіміз аудан орталығында болсақ малымызды кім қарайды, тіпті келіспес жағдай ғой,-дейді «Мұрат» ШҚ төрағасы  Мұрат ҒАБДУЛЛИН.

- 2014 жылдан бері шаруашылықпен айналысамын, өзім жеке үйді жаңалап салып алғанмын. Екі үйім мен аула, қора бәрі су астында қалды. Он айдан бері аудандық әкімшілік пен соттың ортасында сенделіп жүрміз. 2024 жылдың қыркүйегінде сотқа жүгіндік, себебі аудандық әкімшілік біздің көрген зардабымызды бағалаудан бас тартты. Бірақ сот біздің талабымыз қанағаттандырды. Енді аудандық әкімшілік төлемақы төлеуден бас тартып отыр, мәселен, менің көрген зардабымды 21 млн теңгеге бағалады. Біздің ол жерде жеріміз және малымыз бар, оны үйіміз жоқ болса қалай қараймыз. Берілетін үй ауданның қай жерінен беріледі, ол тағы белгісіз. Аудан орталығынан берілгенде де екіара 30-35 шақырым қашықта жатыр ғой. Бұл шешімге олар қалай келіп отыр, түсінбей отырмыз. Сол себептен біз әкімшілікпен соттаса береміз, бұл жайтты шешпесе,-дейді жеке шаруа Тұрсынай СЕРДАЛИЕВА.

-1996 жылдан бері тұрамыз. Жолдасым жұмыссыз, алты балам бар бар, «Күміс алқа» иегерімін. Біз тек малмен күн көріп отырмыз, соны өсіреміз, өнімін дайындап сатамыз. Сүт, қаймақ дайындап, үнемі жәрмеңкеге шығарып жүрміз. Біз Үіметтен жәрдем сұрап отырған жоқпыз, өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Күйеуім екеуміз Ақтоғай округінде жұмыссыздыққа тіркеліп тұрмыз. Екі үйіміз бар, үлкен үйіміз су тасқынынан қирап жатыр. Мал туып жатыр, оларды қарау үшін амал жоқ кішкене үйімізде ілдалдалап тұрып жатырмыз. Бізге үй керек емес, ақшалай берсін, өзіміз салып аламыз. Малды тастай алмаймыз, онда не ішіп, не жейміз,-дейді көпбалалы ана Назгүл МҰҚАНОВА.

«АЖ» тілшісі тұрғындармен сұхбат алып жатқанда аудандық әкімшілік өкілі ғимаратқа кіруімізді өтінді. Тұрғындарды қабылдаған аудан әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ:

- Жалпы жағдайды жақсы білеміз, комиссия өтті, өтемақы төлеу жөнінде Үкіметтің қаулысында ақшалай берілсін деген жоқ. Бұрын болған, соңғы жылдары ол қаулыны өзгертіп, егер үйі зардап шексе орнына үй беру жөнінде шешім шығарды. Сотқа қалай талап арыз беріледі, соған орай шешім шығарылады. Сіздер сотқа бергенде өтемақы немесе үй деп жазғансыздар. Сол себептен үй беруге шешім етті. Ал бұрынғы апатты деп танылған үйді мемлекет меншігіне қайтару керек. Осыған орай үй алып беру үшін облыстан қаржы сұратып отырмыз, алты үйге 120 млн теңге. Біз Кеңөріске барып үй сала алмаймыз, тек Махамбеттен салғалы отырмыз. Сосын оны тұрғындарға сатып алып береміз, - деді.

- Енді тұрғындар не істейді, малы ана жақта төлдеп жатыр, бұлар үй жоқ болғандықтан екіортада тентіреп жүр. Барлық мүмкіндіктен айрылып отырған шаруалардың жайы не болмақшы?

- Қайтадан аудандық сотқа өтемақыны ақшалай берсін деген талаппен арыздансын. Егер оны қанағаттандырса, біз сот шешімін орындаймыз. Облыстан қаржы сұратып, үй салып, оны сатып алғанша оған қыруар уақыт кетеді. Ақшалай десе біз тезірек орындар едік.  

Бұл даулы істің немен аяқталғанын «АЖ» назарға ұстайды. Дегенмен он ай бойы сандалысқа түскен шаруалардың жайы қиын болып тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 наурыз, 14:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16