Атырау, 23 наурыз 1445
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +8
$ 502.83
€ 545.37
₽ 5.95

Индер ауданында су неліктен далаға кетіп жатыр?

Бейнежазба
523 просмотра

Индер ауданы, Көктоғай ауылында оғаш жағдай байқалады: бағалы байлық – Жайық өзенінің суы ысырап болып жатыр.

Бұл туралы «АЖ» тілшісіне хабарлаған атыраулық белсенді Аслан ОМАРОВТЫҢ айтуынша, су тасқыны маусымы әлі басталмағанына қарамастан өзен арнасы ашылған.

– Өрлік, Көктоғай ауылдарынан бастап Нарын құмына дейін сорғылардың көмегімен кең далалы аумақтарға таралады. Жайықтан бастау алатын Бағырлай арнасы тасып, арнасынан шығып жатқан су бірнеше шақырымға созылып жатқан жазықтарға жайылып жатыр. Бірақ қазір егістік суаратын жаз емес, малға су қажет болатын ыстық кез емес. Бұл табиғи су тасқыны емес, табиғатқа әдейі жасалған залал! – деді белсенді.

Оның айтуынша, балықтар да сумен бірге далаға кетіп жатыр, жаз басталғанда оларға қырылудан басқа жол жоқ.

– Өзен суын босқа ысырап етпеңдер, дейді ғұламалар. Өмірлік маңызды ресурсқа мұндай көзқарас қылмыс, - деді А.Омаров.– Табиғатқа бұдан әрі зиян келтірмеу үшін жағдай билік пен экологтардың шұғыл назар аударуын қажет етеді.

«Ақ Жайық» редакциясы «Табиғат» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (бұрынғы «Қазсушар» РМК) директоры Асланбек РЫСЖАНОВТАН түсініктеме сұрады. Белгілі болғандай, кәсіпорын Индер ауданының ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне өз теңгеріміндегі ұзындығы 105 шақырымы «Бағырлай» суару-суландыру каналы арқылы су жеткізумен айналысады.

- Бүгінгі таңда, Атырау облысындағы «Бағырлай» суару суландыру жүйесінің (каналының) Жайық өзеніндегі бас насос станциясы іске қосылған жоқ, яғни «Жайық» өзенінен ешқандай да суды механикалық көтеру басталған жоқ,– деп жауап берді Рысжанов бізге. - Биыл РФ «Жайық» өзені арқылы қыста және ерте көктемде тасқын судың алдын алу мақсатында мол су жіберіп отыр. Сол себепті, Батыс Қазақстан облысы Жанқала, Тайпақ аудандарының территориясында орналасқан «Көшім» суару-суландыру жүейсі «Бағырлай» арнасы арқылы соңғы отыз жылда келмеген су өр суы келіп жатыр. 

Ол су Батыс Қазақстан территориясынан «Көшім» жүйесінің «Дөнгелек» су қоймасынан бастау алатын «Нарын» құмына шекаралас «Бағырлай» каналы арқылы бұрынғы тарихи сай арналармен Атырау облысының Индер, Махамбет аудандарына келді.

Рысжанов «Жайық» өзенінінің ағысының көлемін азайту және осы келген өр суын ауылшаруашылығы жайылымдық алқаптарын суландыру мақсатында пайдаланып, каналдар мен мал суаттары бар котловандарды толтырып алып қалған дұрыс шешім деп есептейді.

Айнұр САПАРОВА

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

Кеше, 01:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16