
Атырау қаласы іргесінде рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділері көбейіп, тұрғындар наразылығын білдіруде. Әсіресе, қала шетіндегі ықшамаудандар мен ауыл маңдарында қоқыс мәселесі өзекті.
Редакцияға хабарласқан Жұлдыз ықшамауданы тұрғыны ауыл іргесінде құрылыс қалдықтарының шашылып жатқаны жөнінде бейнежазба жолдады.
- Көшеге сергек камерасы орналытған, егер ол жұмыс істеп тұрған болса кім төккенін анықтау қиын емес. Мен өзім үйінен шыққан құрылыс қалдықтарын ауыл сыртына төгіп жатқан бір тұрғынның үстінен түсіп, қайта жинап алып кету туралы ескерту жасадым. Ал бұл жерге дәл осындай бірнеше адамның қоқыс қалдықтары жатыр, - дейді тұрғын.

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде тұрғындардан түскен шағымдар бойынша заңсыз қоқыс қалдықтарын тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
- Тұрғындар құрылыс қалдықтарын түнгі уақытта қала сыртына төгe фактілері кездесіп жатыр. Учаскелік полицейлер бірнеше заңбұзушылықты анықтап, кінәлілерге шара қолданған. Жұлдыз ықшамауданындағы жағдай бойынша округ әкіміне тапсырма берілді, арнаулы автобаза мекемесінің техникаларымен қоқыстар арнайы орынға жеткізіледі, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала маңын заңсыз қоқыс қалдықтарынан тазартуға Атырау облысы бойынша экология департаменті де атсалысуда. Жақында экологтар облыстық полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, заңсыз тұрмыстық қалдықтар тастаған тұлғаларды анықтау мақсатында рейд ұйымдастырылып, анықталған қоқыс орындары коуналдық мекеме қызметкерлерімен тазартылуда.

- Былтыр «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ спутниктік жүйесі арқылы жүргізілген әуеден түсірілім нәтижесінде Атырау облысы аумағында 168 заңсыз қоқыс орны анықталғанболатын. Оның 53-і Атырау қаласында, ал 115-і Жылыой ауданының аумағында орналасқан. Бүгінде рұқсатсыз қалдықтар анықталған 168 орынның 125-і толықтай тазартылды. Сондай-ақ үш орын заңдастырылып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына айналды. Қалған 40 орын жеке аумақтағы құрылыс қалдықтары екені анықталды, – деп хабарлады экология департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ бұған дейін Атырау халықаралық әуежайы маңынан әуежайға тиесілі қоқыс қалдықтары табылғанын жазған едік.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ