
Экрем Имамоглуның тұтқындалуы Түркияда үлкен наразылық тудырды. Стамбул мен басқа қалаларда мыңдаған адамдар шеруге шықты.
Имамоглу алдағы президенттік сайлауда президент Режеп Тайып Ердоғанның басты бәсекелесі болып саналады. Наразылықтар Стамбул провинциясы губернаторының алдағы төрт күнде көшедегі наразылық акцияларын өткізуге тыйым салу туралы бұйрығына және қалада полицияның көп болуына қарамастан өтті.
BBC News мәліметінше, полиция Стамбул мэриясын қоршап, Таксим алаңы мен бірнеше жолдарды жапты. Наразылық білдірушілер мэрия, Имамоглу ұсталған полиция бөлімшесі, Стамбул университеті және басқа да орындардың алдына жиналды
Республикалық халықтық партияның басшысы Озгюр Озел мэрия алдына жиналғандарға сөйлеген сөзінде: «Болған оқиға - төңкеріс әрекеті. Экрем Имамоглуны [президенттікке] кандидат болу еркіндігінен айыра алмайды, бұл халықтан оны сайлау еркіндігін алып қоюда» деді. Мэрдің жұбайы Дилек Имамоглу оның ұсталуын «Түркияның болашақ президентін жоюға бағытталған мақсатты саяси операция» деп атады. «Бұл ұлтқа тікелей соққы, біз күресеміз», - деп мәлімдеді ол.
Сәрсенбі күні таңертеңнен бері полиция Стамбул қалалық әкімшілігінің жанында қауіпсіздікті күшейтті. Оқиға орнынан түсірілген кадрларға қарағанда, полиция Имамоглының жоғары білім туралы дипломын қайтарып алу туралы оқу орнының шешіміне наразылық білдірген студенттерді Стамбул университеті алаңынан тарату үшін арнайы құралдарды қолданған.
Шешім саясаткерді қамауға алудан аз уақыт бұрын қабылданған; Жоғары білімнің жоқтығы оның ресми түрде президенттікке кандидат ретінде қатысуына мүмкіндік бермейді.

Имамоглу екі тергеу ісі бойынша фигурант болып отыр – ол сыбайлас жемқорлық және террористік ұйымдармен байланысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу аясында 100-ге жуық адамның ұсталғаны хабарланды. Олардың қатарында саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлер бар.
Имамоглу қамауға алынғаннан кейін оның әлеуметтік желісінде «халық қалауын қорқыту немесе заңсыз әрекеттермен басу мүмкін емес» деген мәлімдеме пайда болды.
«Мен 16 миллион Ыстамбұл халқына ғана емес, Түркияның 86 миллион азаматына және бүкіл әлемдегі демократия мен әділеттілікті қолдайтындардың барлығына сенім артамын», - делінген хабарламада.
Имамоглу қамауға алынғаннан кейін шерулер ел астанасы Анкара мен Түркияның басқа қалаларында да өтті. Жексенбі күні бүкіл елде ауқымды наразылық шаралары өтеді деп күтілуде.