
KPI компаниясының Алматы мен Астанадағы қоймаларынан шамамен 2,7 мың тонна өнім жөнелтілді, деп хабарлайды КМГ баспасөз қызметі.
Былтыр мамырда KPI газ-химия кешені Алматы қаласында алғашқы сыртқы қоймасын ашты. Бұл оңтүстік өңірлердегі клиенттерге өнімді жеткізу мерзімін 10–14 күннен 1–2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Алматыдағы қоймадан 70-тен астам қайта өңдеуші компания өнім алады. Олардың арасында «EGP + I» ЖШС (сүт өнімдеріне арналған қаптама өндіруші), «Zeta» (шетел нарығында сұранысқа ие жиһаз өнімдерін шығаратын отандық компания), «Полиэтилен-Агро» (полиэтилен қаптамаларын өндіруші), «Казполиснаб» (полипропилен жіптерін шығаратын кәсіпорын) және басқа да өндіріс орындары бар. Алматы қоймасынан 10 ай ішінде клиенттерге 2,5 мың тоннадан астам өнім жөнелтілді.

2024 жылы желтоқсанда KPI Астанада да жаңа қойма ашқан болатын. Қойма 500 тонна дайын өнім сақтауға есептелген. Бұл еліміздің солтүстік өңірлеріндегі клиенттерге өнімді шағын партиялармен сатып алу мүмкіндігін ұсынды. Оның үстіне полипропиленді жеткізу уақыты 10 күннен 1 күнге дейін қысқарды. Бұл әсіресе шикізатты алдын ала ұзақ мерзімге тапсырыс беруге мәжбүр болған шағын компаниялар үшін тиімді шешім болды.
2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін қоймадан 184 тоннаға жуық полипропилен жөнелтілді. Астана қоймасының клиенттері арасында медициналық бұйымдар шығаратын «Альфа-Медикал», пластикалық өнімдер өндіруші «Kaiser Engineering», полипропилен сүзгілерін шығаратын «Aqua Atom» және басқа да компаниялар бар.
КРІ биыл Шымкентте қойма ашуды жоспарлап отыр. Бұл оңтүстік өңірлердегі қайта өңдеушілерді полимерлік шикізатпен қамтамасыз етуді күшейтуге мүмкіндік береді.
KPI қоймалар желісінің дамуы полипропиленді клиенттер үшін қолжетімді етіп, логистикалық шығынды азайтуға және Қазақстандағы өңдеу саласының өсуіне ықпал етеді.