Атырау, 21 желтоқсан 06:48
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраудың олимпиада үміткерлері

4 196 просмотра

Тамыз айында жас спортшылардың кезекті оқу-жаттығу маусымы аяқталады. Олар қыркүйекке дейін қысқа мерзімді демалысқа кетеді. Ал спорт мектептерінің меңгерушілері жыл бойына қол жеткен асыл алқаларды – алтындарды, күмістер және қолаларды санауға кіріседі. Өткен маусымда атыраулық спортшылар қандай жетістіктерге жетті? Бұл тақырыпта біз облыстық олимпиада резервтерін дайындау орталығының директоры М.М.ЖАНҒАЛИЕВПЕН (суретте) әңгімелескен едік.

«ЖС» анықтамасы: Жанғалиев Марат Меңдешұлы, 48 жаста, еркін күрестен ұлттық дәрежедегі төреші («2002), ҚР еңбек сіңірген спортшы (2007), еркін күрестен жоғары дәрежелі төреші (2009). 

 
- Алдағы жылы біздің орталықтың құрылғанына 10 жыл толады. Біздер болашағы бар спортшыларды ҚР, Азия және әлем чемпионаттары сияқты жауапты сайыстарға дайындаймыз. Қазір орталықта тәрбиеленушілер спорттың 8 түрі -  дзюдо, тхеквондо, грек-рим, еркін күрес, бокс, жүзу, ескек есу, көркем гимнастика бойынша дайындалуда. Сабақтарды ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылар Бауыржан Төребаев пен Нұрхат Дүйсембаев (тхеквондо), Рашид Мусин (грек-рим күресі), КСРО спорт шеберлері Адик Бермешев (бокс), Аманбай Қыздарбаев (дзюдо), Андрей Сафарян (ескек есу), ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Виталий Хан (жүзу), Батырбек Есдаулетов (тхеквондо), ҚР спорт шебері Амантай Нұрәділов (еркін күрес) өткізеді. Тәп-тәуір деңгейді жас жаттықтырушылар Аслан Жаманбаев (еркін күрес) пен Руслан Шариповтың (бокс) тәрбиеленушілері де көрсетіп жүр. 
- Атыраудағы негізгі алтын алатын спорт түрі болып тхеквондо саналады. Биылғы жылы осы шығыс жекпе-жегінің әуесқойлары қандай жетістіктерге қол жеткізді? 
- Атыраудың тхеквондо мектебі Қазақстандағы ең мықтылардың бірі болып саналады. Жақында ғана облыстық құраманың бас бапкері Б.Төребаев атап өткендей, бірнеше жыл қатарынан осы спорт түрі бізде бәсеңсіп қалды. Бірақ қазір талантты жастар келіп, мектебімізге бұрынғы деңгейін қайтарып жатыр. Егер Бейжің Олимпиадасына бұл спорт түрінен біздің облыстың екі өкілі – Арман Шылманов пен Лия Нұркина, Лондондағы Олимпиадаға жалғыз Гүлнафиз Айтмұхамбетова қатысқан болса, енді 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиадаға біз бұдан көп лицензия ұтатынымызға сенеміз. 
Биылғы ақпан айындағы ҚР чемпионатында жасөспірімдер арасында Амантұр Табылдиев, Жұлдыз Бүркітова мен Айгүл Елубай чемпион атанды. 
Сәуір айында Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-нің «Жайық» спорт кешенінде ҚР Универсиадасы өтті. Қол жеткізген жетістіктер бойынша облыс құрамасы өзге облыстың құрамаларын шаң қаптырып кетті. Бұл жарыстарда чемпиондардың қатарын Рысжан Ибатова, Ирина Гайдук пен Жұлдыз Мақұлбекова толықтырды. 
Ал мамыр айында Қазақстан халықтары Спартакиадасында олардың қатарына Дастан Қожыров, Дастан Мұратов, Жалғас Қаныбаев, Данагүл Сағынғалиева, Бибігүл Нұрғалиева, Нұрболат Байдоллаев пен Сағадат Жолдасбаев қосылды. 
Қазақстанның Жастар Ойынында чемпиондық атақтарын А.Табылдиев пен Ж.Бүркітова қорғап шықты. Олардың соңынан Үмбет Шәкиев ҚР Кубогы иегері атанды. 
Атырау тхеквондосының басты кейіпкері Г.Айтмұхамбетова да бұл жылды табысты өткізді. Ақпан айындағы АҚШ ашық чемпионатында ол күміске қол жеткізсе, наурыз айында Германия чемпионатында қол медальды иеленді. Сонымен қатар А.Табылдиев Голландия ашық чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Қазір осы спортшыларды жарыстарға жіберуді жалғастырып, олардың қатардан қалмай, қабілеттерін жоғалтпауы біз үшін басты мақсат болып табылады. 
- Дзюдо және өзге де олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшылардың қандай жетістіктері бар?
- Биылғы жылы грек-рим күресінің палуандары өздерін жақсы көрсете білді. Талғат Қазиев Семей мен Атбасарда өткен екі халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Евгений Паливадов жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы және Анапада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Асылбек Қосаманов Семей мен Ақтөбе қалаларында өткен халықаралық турнирлердің алтынын алды. 
Еркін күрес секциясы тәрбиеленушілерінің жетістіктері: Азамат Өміржанов ҚР Кубогының алтынын алса, құлсарылық Ерболат Рахманов Дағыстанда өткен «Халықтар достығы» халықаралық турнирі мен ҚР чемпионатында қолаға қол жеткізсе, Қарағандыда өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, Алматыда өтетін Еуразия ойындарына жолдама ұтып алды. Айдын Тәжіғали жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының жеңімпазы және «Баку кубогы» турнирінің күміс жүлдегері атанды.  
Біздің облыста көркем гимнастика мен жүзу топтарының ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Биылғы жылы көркем гимнастика бойынша бізден ҚР чемпионы шыққаны көңілді қуантады. Ол - жаттықтырушы Көклан Егеубаеваның тәрбиеленушісі Айдана Шәкенова. Ал жүзуден ҚР чемпионатында облыс тарихында бірінші рет Аслан Бөрбаев қолаға қол жеткізді. 
Дзюдодан табысты өнер көрсеткендер: Назгүл Құбашева – Азия командалық Кубогының қола және 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатының алтын медаль иегері, Асхат Тельманов – ҚР чемпионатының алтын және Бакуде өткен Үлкен Дулыға турнирінің күміс жүлдегері атанды. 
Былғары қолғап шеберлерінің арасынан мен халықаралық турнир мен ҚР Универсиадасында алтын медаль иеленген Бекболат Құрамысовтың, жастар арасындағы ҚР чемпионатының алтын медаль иегері Дастан Құрманбековтың, Исатай-Махамбет рухына бағышталған халықаралық турнирде алтынға қол жеткізген Рашид Салауатовтың табысты өнерлерін атап өткім келеді. Ескек есуден Чехияда өткен әлем Кубогында Наталья Сергеева күміс жүлдегер атанды. 
- 2013 жылдың соңына дейінгі жоспарларыңыз туралы айтып өтіңізші.
- Қазір Азамат Өміржанов еркін күрестен Будапештте өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде. Осы жауапты жарыстың алдында ол Айдарбек Баймұратов екеуі Варшавада өтетін халықаралық турнирге қатысады. Ерболат Рахманов Алматыда өтетін Еуразия ойындарына барады. Грек-рим күресінің палуаны Женя Паливадов пен еркін күрес палуаны Айдын Тәжіғали жасөспірімдер арасында Белградта өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Наталья Сергеева немістің Дуйсбург қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. 
Дзюдошы Асхат Тельманов өз дәрежесін Бразилияда өтетін әлем чемпионатында қорғап қалмақшы. Ткехвондодан Облыс құрамасы Қарағандыда өтетін ҚР Кубогында Универсиадада қол жеткізген жетістіктерін қайталамақшы. Осы сәтті пайдалана отырып спортшыларды, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға алдағы уақытта да жетістіктер мен зор денсаулық, бақыт тілеймін. 
 
Сұхбат алған Мұрат Сұлтанғалиев
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
15 тамыз 2013, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.