Атырау, 21 наурыз 0037
 ашықВ Атырау +7
$ 502.83
€ 545.37
₽ 5.95

Өңірде «Мал ұрысы» іс-шарасының сегіз күнінде елу құқықбұзушылық анықталды

458 просмотра
"АЖ" мұрағатынан

11-31 наурыз аралығында ҚР ІІМ-нің бұйрығына сәйкес мал ұрлығының алдын алу және ашу, сондай-ақ заңсыз қару сақтауды анықтау мақсатында «Мал ұрысы» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Оңдасын баспасөз мәслихатында баяндады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылып, 800-дей автокөлік, 260 сауда орны мен 250 шаруа қожалығы тексерілді. Нәтижесінде, мал мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 39, құжатсыз саудалаудың 11 фактісі анықталып, 50 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты жалпы мөлшері 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Сонымен қатар мал жаю ережелерін бұзудың 151 жағдайы тіркеліп, 900 мың теңгедей айыппұл өндірілді.

- Мал ұрлығы – ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін өзекті мәселе. Біздің басты міндетіміз – мал иелерінің құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою. Осы бағытта қабылданған шаралар алғашқы күндерден-ақ нәтижесін көрсетуде. Азаматтарды өз малдарына мұқият қарауға, қажетті құжаттарын реттеуге және кез келген күдікті жағдай туралы дереу полицияға хабарлауға шақырамыз. Құқық қорғау органдары бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайды, - деді Б.Оңдасын.

Айта кетейік, құқықбұзушылықтарды анықтау барысында төрт мал ұрлығы дәлелденіп, 19 бас мал (18 жылқы, 1 ұсақ мал) иелеріне қайтарылды.

19 наурыз, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16