
Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам. Мереке күндері наурыз көжені көп дайындап, қонақтарға ұсынады. Наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Дегенмен наурыз көжені әркім әртүрлі дайындайды.
Индербор кентінің тұрғыны Гүлара ҚОСПАНОВАНЫҢ наурыз көжесі бөлек. Қарақалпақстанның тумасы Гүлара наурыз көжені дайындауда тары мен күріш қосылатынын, оның айрықша дәмі жоқтығын да сынға алды. Сонымен Гүлараның рецептісін қолданып көрелік.
- Қарақалпақ елінде наурыз көжеге көп мән беріледі. Ең бастысы наурыз көжеге қосатын дәмді өз ауламызда өсіреміз. Мен Индерборға келгеннен кейін ауламызға осы дәмдерді егіп тастағанмын.
Алдымен қазанға су құйып сүр етті қайнатып аламын. Ет әбден піскенде сүйегінен ажырап қалады, соны уақтап тураймын. Көжеге құйрық май салмаймын, еттің өзінікі жетіп жатыр. Сосын жүгері қосамын, ол ет пісірімдей қайнайды. Мұнда жүгеріні кукуруза дейді екен. Индерде өсе бермейтін болғасын Бейнеу, Ақтау жағынан арнайы алдыртып жүрмін.
Наурыз көжеге горох қосылса дәмі ерекше болады. Горохтың жасыл түрін мәш дейді, оны көжеге кейін қосады, себебі тез піседі. Арасына мейізді, қою шығу үшін күріш, мөлшерімен тұз қосып, әбден суығасын айран қосамын. Егер айран болмаса, құртты езіп пайдалануға болады. Наурыз көженің дәмі ерекше болуы үшін сәбіз, картоп, пияз болса, - дейді Г.Қоспанова.
Қарақалпақ жерінде мақта өсірумен айналысқан бұл отбасы үшін диханшылық кәсіп жат емес. Жаздай бақшасын жайқалтып, күзге салым түрлі салаттар жасайды. Бүгінде аудан орталығындағы колледжде еңбек ететін Гүлара наурыз көжені тауысып ішсе, жыл бойы тоқшылық болады деп есептейді. Ол үшін дәмі тіл үйіретін көжені молырақ дайындаса болғаны.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Саламат БАЗАРБАЕВ түсірген сурет