
Атырауда ұлттық киімдер күніне орай өткен мерекелік шеру қала тұрғындары үшін рухани әсерге толы болды. Үш мыңнан астам адам қатысқан іс-шарада ұлттық рух асқақталып, дәстүр дәріптелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қала орталығындағы Ту тұғырынан бастау алған шеру Исатай-Махамбет алаңына дейін жалғасты. Салт атты батырлар алдыңғы сапта көк туды желбіретіп, көштің рухын көтерді. Қатысушылардың барлығы ұлттық киіммен көрініп, бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шеруді ашқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жиналған жұртты ұлттық киім күнімен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды.
- Бұл шеру – ата-бабамыздан қалған асыл мұраны құрметтеудің, ұлттық болмысымызды дәріптеудің айқын көрінісі. Қазақтың ұлттық киімі – біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің айнасы. Бүгінгі іс-шара халқымыздың рухын көтеріп, жастарға үлкен тәрбие береді,- деді шахар басшысының орынбасары Н.Ермұханов.
Шеру Исатай-Махамбет алаңындағы мерекелік концертпен жалғасты. Дәстүрлі әндер шырқалып, халық ерекше қуаныш пен шаттыққа бөленді. Айта кетейік, мұндай шеру Атырауда екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы 2023 жылы ҚР Рәміздер күніне орай өтті. Оған мыңдаған атыраулық қатысқан болатын.