
18 наурызда Мақатта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткенімен, бұған жергілікті тұрғындардың көңілі толмады. Айтуларынша, жәрмеңкеде түрлі компаниялардан бос жұмыс орындары көрсетілгенмен, ол жерде кейбір компания өкілдері болмаған, кейбірінде бір ғана бос жұмыс орны ұсынылған.
Мақат тұрғыны Жайнагүл ОРАЗОВА жәрмеңкеге ашынғаннан барғанын айтты.
– Төрт балам бар, жолдасым былтырдан бері жұмыссыз. Күн жылынды, балаларға киім қажет. Коммуналдық төлемдерді – жарық, су, газ ақысын төлеуім керек, бірақ қолымда ақша жоқ. Көмек ретінде әкімдік рожки мен вермишель берді, бірақ балалар тәтті жегісі келеді ғой. Неге бізден не қажет екенін ешкім сұрамайды? – дейді ол.
Оның айтуынша, бір күн бұрын, яғни 17 наурызда 40-тан астам жұмыссыз жұмыс беруді талап етіп, аудан әкіміне барған. Сол кезде оларға 18 наурызда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болатынын және ол жерге жету үшін арнайы автобус бөлінетінін айтыпты.
Жәрмеңкеге жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар жұмыс табамын деген үмітпен келгенімен, іс жүзінде жұмысқа орналасу мүмкін болмай шықты.

Жайнагулдің айтуынша, біраз адамды әкімдік ұйымдастырған автобустармен алып кеткен. Ал автобустан түсіп үлгерген алты адам әкімдікке барған. Олар бірнеше сағат бойы ғимараттың алдында күтіп, ақыры ішке кіре алмаған, оларды қабылдамапты.
- Менің жолдасымды 8 наурызда жұмысқа кетеді деп жазды, бірақ ешқайда кеткен жоқ. Бүгін де 10 адамды бөліп, 11 наурызда жібереді деді. Ал қалғандары жұмысты 11 сәуірде табуы мүмкін деді. Ал енді жәрмеңкеде жұмыс орындары 24 сәуірде ғана болады деп отыр. Біз кімге сенерімізді білмейміз, ауызымыз күйіп болды! – дейді мақаттықтар реніштерін білдіріп.
Ж.Оразова күйеуінің Ескендегі газ құбыры құрылысында арматурашы болып жұмыс істегенін де айтты. Ол жерде жұмыс біткен соң жұмыссыз қалған. Кейін біраз уақыт Теңіз кен орнында аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Бірақ негізгі мамандығы арматурашы болғандықтан, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға үміттенген.
- Ескенде қаладан келгендер ғана емес, жергілікті тұрғындар да жұмыс істейді, бірақ Мақат пен Доссор тұрғындары өте аз, - деп дейді ол.

Біз облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан ЖҰМАҒАЗИЕВҚА мән-жайды сұрап, сауал жолдаған едік. Жарияланған уақытта әкімдіктің баспасөз қызметінен ешқандай жауап келмеді.
Ал, мақаттықтар облыс орталығына барып, облыс әкімімен жеке кездесіп, жұмыспен қамту мәселесін шешуді талап етпекші.
Жұмыссыздық проблемасы Мақат ауданында бұрыннан көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғындар жұмысқа орналаса ма, әлде олардың өтініштері тағы да жауапсыз қала ма, оны уақыт көрсетеді.
Айнұр САПАРОВА
Жергілікті тұрғындар жолдаған суреттер мен видеолар