
Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күні» ерекшелегімен есте қалмақ. Өңірде отау құрғандар арасындағы екі жас салтанат сарайында заңды некелерін қиды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жас отау құрғандарды күміс той иелері, бес баланың ата-анасы құттықтады.
- Отбасылық өмірдің алғашқы кезеңі қиын. Бір-біріне үйреніп кету үшін әр жағдайға түсіністікпен қарау керек. Біреуі ашуланса, екіншісі басылу керек. Қазіргі заманға сәкес көшке ілесіп, әрқашан дамып отырған абзал. Шаңырақ көтеріп жатқан жастарға бақыт тілейміз , - деді Талғат Қуанов.
Жұбайы Әсел Қуанованың айтуынша, отбасылық өмірде әйелдің алатын орны маңызды.
- Барлығы әйел адамға байланысты. Азаматын сыйлап, келген қонақты күте білу оның кішіпейілдігін көрсетеді. Отбасын құрып жатқан қыздарға сабыр мен көрегенділік, шыдамдылық тілеймін. Жастар бастапқы кездегі қиындықтардан өтіп кетсе, екі жарты бір бүтін болып кетеді, - деді Ә.Қуанова.
Іс-шараға Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері және жастар ұйымдарының белсенді азаматтары қатысты.
Өңірде "Шаңырақ күні" аталып өткенде облыс бойынша 17 отбасы некесін қиды. Оның 13-і Атырау қаласынан болса, үшеуі Жылыой, біреуі Индер ауданынан. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті.