Атырау, 29 наурыз 11:04
 бұлттыВ Атырау +18
$ 503.42
€ 542.08
₽ 6.00

Сармад» ансамблі Германияда Наурыз мерекесін тойлады

457 просмотра

Қазақ ұлттық өнерін насихаттап жүрген атыраулық “Сармад” этно-фольклорлық ансамблі Наурыз мерекесіне орай Германияға іссапармен барып, Берлин төрінде “Көшпенділер рухы” атты концертін өткізді.

Шара барысында Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов көрісу күні мен Наурыз мерекесінің маңыздылығын атап өтті.

Концертте ансамбль белгілі сазгер Бауыржан Ақтаевтың жетекшілігімен “Кербез сұлу”, “Бозінген”, “Қарамен”, “Шаңқобызға арнау” шығармаларын орындады. Сонымен қатар, көрермендер неміс композиторы Пауль Линкенің “Berliner Luft” шығармасы мен Жорж Бизенің “Кармен” операсынан увертюраны тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Байбақты Ідірбай мен Жанар Қорғанова халық әндерін орындап, қазақтың ұлттық музыкасының сұлулығын паш етті. Ансамбльдің ерекше орындау мәнері мен ұлттық аспаптардың әуезді үні неміс көрермендерін тәнті етіп, ерекше әсер қалдырды.

Келесі күні “Сармад” этно-фольклорлық ансамблі Берлиннің Steglitz-Zehlendorf ауданындағы мэрия ғимаратында өнер көрсетіп, Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Бұл іс-шараға түрлі ұлт өкілдері қатысып, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысты. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, мереке шырайын аша түсті.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

18 наурыз, 09:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16