
Тбилиси қалалық соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді 2021 жылы шекараны заңсыз кесіп өткені үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы дүйсенбі күні таңертең грузиннің «ТВ Пирвели» телеарнасы хабарлады. Айыпталушы сот отырысына қатыспады, деп хабарлады Коммерсантъ.
Грузия телеарнасының хабарлауынша, сот үкімін жариялау кезінде залда толқу болды, нәтижесінде экс-президенттің жақтастары сот залынан шығарылды. Үкімді судья Михаил Джинджолия оқыды.
12 наурызда Тбилиси қалалық соты Михаил Саакашвилиді мемлекеттік қаражаттан 3,2 миллион доллардан астам қаржыны ысырап ету ісі бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Экс-президент мемлекеттік қаражатты жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде ұлының оқу ақысын төлеуге, ұшақтар мен қымбат көліктерді жалға алуға, жеке гардеробына заттар сатып алуға жұмсағаны үшін айыпталған.
Қазіргі уақытта Михаил Саакашвили депутат Валери Гелашвилиді ұрып-соғу және Сандро Гиргвлианидің кісі өлтірушілерін кешіру істері бойынша 6 жылдық мерзімін өтеп жатыр.
Михаил Саакашвили 2004 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың қарашасына дейін Грузия президенті қызметін атқарған. Мерзімі аяқталуға санаулы күн қалғанда елден кетіп қалды. Кейіннен ол Украинада тұрып, Украина азаматтығын алды. 2021 жылы ол Грузияға оралып, сол жерде 2021 жылдың 1 қазанында ұсталды. Тбилисиде оған қарсы төрт қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында бұрынғы саясаткер бірнеше рет аштық жариялап, денсаулығына байланысты шағымданған. 2022 жылдың мамыр айында ол Тбилисидегі Вивамеди азаматтық емханасына жатқызылған, ол осы күнге дейін сол жерде.