
Осыдан алты жыл бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін қолына алған болатын. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижеге жетті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.
Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. Алты жылда өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды.
Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына 72,7 миллиард доллар инвестиция салды.
Былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.
2019–2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды реконструкциялау аяқталды. 12 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары 97,8%-ға жетті.
Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе ұлғайды, педагогтың, дәрігерлердің жалақысы өсті, арнайы жәрдемақы мен төлемдер енгізілді. Елімізде 1 200 мектеп, 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғайды.
Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылды, «Отбасының цифрлық картасы» белсенді қолданылады, LLM ұлттық тілдік моделі жасалды.
Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуетін толық іске асырып келе жатыр.