
Қазгидромет мамандарының мәліметінше, өңірдегі өзендердің деңгейі қауіпті емес, бірақ табиғат құбылысына дайын болу керек.
16 наурыздағы өзендердің деңгейі:
Жайық өзені – Индербор кенті – 292 см (қауіпті деңгей – 900 см);
Жайық өзені – Махамбет кенті – 396 см (қауіпті деңгей – 900 см);
Жайық өзені – Атырау қаласы – 232 см (қауіпті деңгей – 700 см);
Еділ өзені, Шароновка арнасы – Ганюшкино ауылы – 143 см (қауіпті деңгей – 350 см);
Ембі өзені – Құлсары кенті (Ақкиізтоғай ауылы) – 136 см (қауіпті деңгей – 340 см);
Ойыл өзені – Ойыл кенті – 710 см (қауіпті деңгей – 950 см) – Ақтөбе облысы.
Ириклинск су қоймасынан жіберілетін су секундына 210 текше метрді құрайды. «Қазгидромет» болжамы бойынша, Атырау облысы су басу қаупі орташа аймақ болып қала береді.

Бұл ретте Қызылқоға және Жылыой аудандары көктемгі су басу қаупі жоғары аймақтарға жатқызылды.

13 наурызда Атырау облысында тек Қызылқоға ауданында топырақтың тоңдануы 15 см қабатта сақталды, қалған аумақта топырақ толығымен еріді.
Синоптиктер су тасқынының шарықтау шегі 24-28 наурызда болады деп болжап отыр.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында үш ауыл өзен суының көтерілуіне байланысты көлік қатынасынан айырылды. «Орал апталығы» газетінің хабарлауынша, Сырым ауданында Аралтөбе ауылының маңындағы Жымпиты-Ақсай тас жолының бойындағы уақытша көпірді су шайып кеткен.
Аралтөбе және Талдыбұлақ ауылдарының тұрғындары аудан орталығымен байланысын үзген. Қаратөбе ауданындағы Ақтайсай ауылы да аудан орталығымен байланысын үзген – еріген су қара жолды шайып кеткен. Тұрғындарға судың кері қайтып, жолдың құрғағанын ғана күту қалып отыр.
Жомарт ӘМІРХАНОВ