Атырау, 17 наурыз 12:20
 бұлттыВ Атырау +19
$ 505.15
€ 550.31
₽ 5.89

Үлкен үзіліс: Атыраудың кешкі мектебінде кімдер оқиды

226 просмотра

Сурет: 2ГИС 

Кешкі мектептегі әр оқушының өз хикаясы бар. Олардың тағдыры әрқилы. Бұл оқу орнына кім және қалай келетінін «АЖ» тілшісі айтып берді.

...Кешкі мектепте оқитын қыздардың бірі орамал таққаны үшін қарапайым мектептен шығарылды: оған хиджабпен келуге тыйым салынған, ал қызда орта білім алудың басқа жолы қалмаған. Тағы бір қыз құрдастары тарапынан буллингке тап болып, ұстаздарымен де келіспеушіліктер болған. Содан соң мектепте қала алмаған. (Айтпақшы, қалалық білім бөлімінің мәліметінше, мұғалімдермен келіспей қалудан немесе буллингтен балалардың оқудан шығу дерегі тіркелмеген. – Автор). Тағы бір оқушы қыз жұмыс істейді, кешкі мектепте оқу жұмыс пен білімді ұштастыруға мүмкіндік береді.

Кешкі мектеп те таңдау түрі

Атыраудағы кешкі мектеп күндізгі оқудың жай ғана баламасы емес, түрлі себептермен тұрақты білім жүйесінде қала алмағандар үшін бірден бір жол. Айтпақшы, биылғы оқу жылында мұнда 8-11 сынып аралығындағы 99 оқушы – 54 ұл мен 45 қыз бала білім алуда.

Мектеп ғимараты 1958 жылы салынған. 2020 жылы 70 602 426,72 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (мердігер – «Игілік-ГН» ЖШС).

Күндізгі бөлімде негізінен 14-18 жас аралығындағы оқушылар білім алады. Кешкі білім алу үшін жас шектеуі жоқ.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВАНЫҢ айтуынша, кешкі мектепке ауысу себептері әртүрлі: отбасылардың  материалдық қиын жағдайы, ерте жүктілік, мектеп оқушыларының кез келген құқық бұзушылықтары, себепсіз сабаққа жиі қатыспауы, мектеп жарғысына сәйкес келмейтін діни наным-сенімдер.

Айтпақшы, қазір мектепте үш болашақ ана мен босанған тоғыз ана оқиды.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Бүгінге дейін Атырауда ерте жүктіліктің 12 жағдайы анықталды. Олардың арасында 15 жастағы 4 қыз бар. Қазірдің өзінде 16-17 жас аралығындағы сегіз қыз тұрмысқа шыққан.

Кешкі мектепте сабақ қалай өтеді

Оқу үрдісі оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі ұйымдастырылған. 8-11 сыныптар (14-18 жас) аптасына төрт күн күндізгі сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін оқиды. Жоғары сынып оқушылары мен 18 жастан асқандар аптасына үш күн кешкі уақытта оқиды. Сырттай оқу аясындағы сынақ сабақтарына тағы екі күн бөлінген.

Оқу жоспары кәдімгі мектептен еш айырмашылығы жоқ – түлектер мемлекеттік үлгідегі аттестатты алады.

Кешкі мектеп: мәжбүрлі шара ма, әлде екінші мүмкіндік пе?

Кешкі мектепке тұрғылықты жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қабылдайды. Көп жасөспірім үшін кешкі мектеп тек білім алу мүмкіндігі емес, өмірін өзгерту мүмкіндігі. Кейбіреулер колледжге немесе жоғарғы оқу орнына түсу үшін аттестат алғысы келсе, басқалары жай ғана білім алуға ұмтылады. Қиындықтарға қарамастан, олар өз мақсатына қарай жүруде, бұл құрметке лайық әрекет.

Айнұр САПАРОВА

Анықтама үшін

«Кешкі мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығына негізделген.

- Кешкі мектеп Қазақстан азаматтарына, жұмыс істейтін және жұмыссыз шетел азаматтарына заңнама шеңберінде негізгі орта және жалпы орта білім алуға мүмкіндік береді.

- Кешкі мектеп негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ өзіндік ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне қарай – қосымша білім беру бағдарламаларын іске асырады.

- Оқыту күндізгі, кешкі, сырттай, жеке, экстернат нысандары бойынша жүзеге асырылады.

- Сыныпта 20 және одан да көп білім алушы болған жағдайда орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін, қазақ тілді мектептерде орыс тілі мен әдебиетін, шет тілдерін және информатиканы кіші топтарға бөліп оқыту жүргізіледі. Сырттай нысанында мұндай қарастырылмайды.

- Мектеп жылдық күнтізбелік оқу кестесін белгілеуде, бағалау жүйесін, білім алушыларды аттестаттау тәртібі мен мерзімін таңдауда дербес.

- Оқу жылы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін жалғасады. Оқу жылының ұзақтығы – 34 апта, сырттай оқу нысанында – 34 апта.

- Сырттай немесе кешкі оқыту кезінде емтихандардың уақытын мектептің педагогикалық кеңесі белгілейді.

-  Кешкі мектепке қабылдау мекенжайына, тұрғылықты ауданына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүзеге асырылады.

Оқушылардың құқықтары мен міндеттері:

- Кешкі мектепте білім алушылар қысқартылған жұмыс аптасын, қосымша ақылы демалыс және еңбек заңнамаларында белгіленген тәртіпте ұсынылатын басқа да жеңілдіктер алуға құқылы.

- Мектеп бітірушілер міндетті қорытынды аттестаттаудан өтеді.

-  Кешкі мектеп бітірушілеріне қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі.

Оқу процесін басқару және ұйымдастыру:

- Мектепті басқаруды педагогикалық кеңес жүзеге асырады.

- Білім беру процесін жетілдіру мақсатында әдістемелік кеңес, әдістемелік бірлестіктер, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызмет құрылады. 

- Кешкі мектеп өзінің Жарғысы, мөрі, банкте есеп шоты бар дербес заңды тұлға болып табылады.

- Мектеп жеке ғимаратта орналасуы тиіс. 

Білім беру процесінің ерекшеліктері:

- Кешкі мектептердегі білім беру процесі сапалы білім алуға тең мүмкіндіктер беруге және қоғамда табысты әлеуметтену қабілетін қалыптастыруға бағытталған. 

- Білім беру үдерісі екі деңгейге бөлінген: 

1) негізгі орта білім (игеру мерзімі-3 жыл: 7, 8, 9 сыныптар); 

2) жалпы орта білім беру (игеру мерзімі - 2 жыл: 10, 11 (12) сыныптар).

-  Оқу процесі ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен (2023 жылғы 26 қазан №323 бұйрығымен өзгерістер енгізілген) бекітілген үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады. 

— Түлектер қорытынды аттестациядан өтуі тиіс.

Кешкі мектепте күндізгі оқытудың ерекшеліктері:

- Кешкі мектеп оқушылардың күрделі контингентімен ерекшеленеді: ол жасы, оқыту деңгейі, әлеуметтік және отбасылық жағдайы, мектептен тыс жұмыспен қамту дәрежесі, мотивация сипаттамасы және басқа да белгілері бойынша бірдей емес. 

- Педагогикалық процесті ұйымдастырудың негізі сынып-сабақ жүйесі болып табылады. 

- Білім беру процесінде тәрбиеге үлкен мән беріледі. Оқу процесінде мектеп педагогтарына құқықтық тәрбие, патриотизмді тәрбиелеу, рухани-адамгершілік тәрбие элементтерін қамтитын материалдарды пайдалану ұсынылады. 

-  Фронтальды, топтық, жұптық және жеке, өзіндік жұмыс түрлері қолданылады, интернет, оқулықтар мен басқа материалдар қолданылады.

Сырттай оқудың ерекшеліктері:

- Топтық және жеке консультациялармен біріктірілген оқушылардың өзіндік жұмысына негізделген.

-  Үйдегі өзіндік жұмысының консультацияларға жүйелі қатысумен үйлесуі - сырттай оқудың маңызды қағидаларының бірі.

Бүгін, 02:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.