
Атырауда инвесторлардың облыс прокурорымен кездесуі өтіп, онда инвестициялық жобаларды қолдау және кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері көтерілді.
Кездесуде құзырлы органдардың инвесторлармен қандай да бір әрекеті міндетті түрде келісілуі керектігі түсіндірілді. Осы мақсатта бірқатар заңнамалық актілерге, соның ішінде Кәсіпкерлік туралы, Азаматтық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Кездесу «Теңізшевройл» ЖШС-нің мәжіліс залында өтті. Оған жалпыұлттық пулға енгізілген 35 инвестор мен ірі бизнес субъектілерінің және уәкілетті органдардың басшылары қатысты. Олардың қатарында «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон, «NCOC» компаниясының директоры Джонкарло Рую бар.
Кездесу барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық стандарттарды сақтау және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Әкімшілік кедергілер мен кәсіпкерлердің толғандыратын басқа да мәселелеріне де тоқталды.

Жиында жарияланған мәліметтерге сәйкес, облыста жалпы құны 6,5 триллион теңгені құрайтын 35 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 69 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып, 719 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 18 инвесторға құқықтық көмек көрсетіліп, 2361 кәсіпкердің құқығы сотта қорғалды.
Кездесуге қатысушылар бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл мәселелері өзекті болып қала беретінін атап өтіп, одан әрі диалог құруға қызығушылық танытты.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА