
Президент жат діни ағымдардың әсері туралы да айтып кетті.
«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ.
Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды»
«Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек.
Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс.
Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек»