
Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуын құптап, осы тарихи құжатқа қол қою екі ел арасындағы қатынасты қалыпқа келтіріп, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді, деп хабарлайды ҚР СІМ.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан мен Армения арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайтынын атап өтті.
"Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз.
Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растайды", - делінген хабарламада.