
Полиция қызметкерлеріне арналған Sergek Qorgau мобильді қосымшасы шетелдік сарапшылардың оң бағасына ие болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
IDC аналитикалық компаниясы оны ақылды көлік саласындағы жаһандық трендтер туралы есебіне қосты. Sergek Qorgau полиция жұмысында цифрлық технологияларды қолданудың және жол қауіпсіздігін арттырудың табысты үлгісі ретінде танылды.
Сарапшылар Қазақстанның жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын енгізудегі жаңашыл шешімдерін ерекше атап өтті. Computerworld және Network World басылымдары Sergek жүйесі мен Qorgau мобильді қосымшасының өзара байланысы жайлы жазды. Бұл қосымша патрульдік қызметкерлердің планшеттеріне орнатылып, қалалардағы аппараттық-бағдарламалық кешендермен біріктіріледі.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанды жол полициясының жұмысын мемлекеттік деңгейде автоматтандырған алғашқы елдердің бірі ретінде атап өтті. Біздің елдің сәтті тәжірибесі өзге мемлекеттерге де жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, жол қозғалысын бақылауды жақсартуға үлгі бола алады.