
«АЖ» редакциясына Атырау облысынан кезекте тұрғандар осындай шағыммен жүгінді.
Олар үй кезегі алға жылжудың орнына, керісінше артқа кетіп жатқанын айтып, наразылық білдіруде. Олардың кезекке заңсыз адамдар кіріп жатыр ма деген күмәні бар.
- Көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрмын, бұрын 1687-орында едім. Кеше қарасам, 1689 болып кетіпті. Мұны қалай түсінеміз? Кезегіміз жылжудың орнына артқа кетіп жатыр. Үй жалдап, сенделіп жүрміз. Қашан тұрақты баспанаға қол жеткіземіз? - дейді тұрғын Гүлзада Махметова.
- 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Бұрын 117-ші орында болсам, қазір 200-ге түсіп кетіппін. Біз жоғары жылжуымыз керек емес пе? Мұны тексеріңіздер! – дейді тағы бір тұрғын.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй кезегінің өзгеруі қала аумағында салынып жатқан үй құрылысына байланысты. Қазіргі таңда коммуналдық үйлердің тапшылығы себебінен кезек баяу жылжуда. Ал тізімнің кейінге жылжып жатқаны бұрын кезектен шығып қалған азаматтардың сот шешімдері негізінде қайтадан өз орнына кезекке қосылуынан болып жатыр.
Айта кетейік тұрғындар өз кезектерін Kezekte.KZ сайты арқылы бақылап отыра алады. Сонымен қатар, толық ақпарат алу үшін Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 101А мекенжайына немесе 8 (7122) 25-44-59, 25-44-51 телефон номерлеріне хабарласып біле алады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ