
Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Орталық шекаралас аумақтарда орналасқан және оның әр бөлігі өз мемлекетінің құзырында болады.
«Мақұлданған заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіп саласындағы жаңа кооперация орталығының құқықтық негізін айқындайды. Соның аясында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының мәртебесі, оның қызмет түрлері мен құзыреті белгіленді. Алдағы уақытта заң бауырлас екі елдің іскерлік байланыстарын арттыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға оң ықпал тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Депутаттар атап өткендей, орталықтың қызметі Тараптар мемлекеттерінің шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық қосылған құн тізбегіне интеграциялау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Заң нормалары шекара маңындағы аумақтардың өндірістік базасын пайдалану тиімділігін арттыруды, орталық территориясында құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндіріс процестерін оңтайландыруды, олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуды, сондай-ақ, инновациялық және ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуды көздейді.
"Бұл орталық Қазақстанның "Атамекен" және Өзбекстан жағынан "Гулистан" бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады. Ол өндірістік алаңдардан, қоймалардан және көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Мұндай шешім жүк тасымалын жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Келісімге сәйкес, орталықтың жалпы аумағы 100 га болып белгіленді. Тараптар елу гектардан жер бөледі. Бұл аумаққа аймақтық индустриялық аймақ мәртебесі беріледі", - деп атап өтті депутат Әлішер Сатвалдиев.
В Атырау -1