Ресейлік "Роснефть" компаниясы мен Әзербайжанның мемлекеттік энергетикалық SOCAR компаниясы мұнай-газ саласында ынтымақтастық орнату туралы ірі келісім жасасты. Құжатқа Ресей президенті Владимир Путиннің Әзербайжанға ресми сапары барысында қол қойылды. Екі ел президенттері Баку қаласында, 13 тамыз күні кездесті.
Екі тарап та келісім-шарт туралы егжей-тегжейлі ақпарат таратқан жоқ. "Жаңа келісім Ресейдің Әзербайжан нарығына дендей кіруіне мүмкіндік береді" деген болжамдар ғана бар.
Еуропа Одағы көмірсутегі шикізатына бай Әзербайжанды Ресей газына тәуелділікті әлсіретудің баламасы санайды. Соңғы жылдары Ресей газының бағасына қатысты Мәскеу мен Киев (Украина) арасындағы даулар Кремльдің Еуропаға газ экспорттауына кедергілер келтіріп отыр.
Ильхам Әлиевтің айтуынша, "Ресеймен жасалған келісім-шарт энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді".