
11 наурыз күні Индер ауданы Көктоғай ауылы Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің екі қызметкері директордың үстінен шағымданып, әділеттілікті талап етті.
Қызметкерлер мен аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА, кәсіподақ бірлестігінің төрайымы Қалжан АХМЕТОВА және «АЖ» тілшісінің әңгімесі жоғарыда аталған мектептің ауласында өрбіді.
- Осы мектепте 2014 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Биология пәнінің мұғалімін. 2024-2025 оқу жылында маған зертханашылық жұмыс қызметін қосымша тапсырды. Мен бұйрықтың нақты шыққанын білейін деп іс қағазын жүргізуші А. Шынтеміровадан білгенмін. Директор ол бұйрықты неге көрсетесің деп оған ұрысқан. Бұйрық сонда құпия болып санала ма? Танысуға құқымыз жоқ па? Зертханашылық жұмысты атқарғанмен, жалақы төлеуге келгенде мектеп әкімшілігі ұмытып кетіпті. Яғни, өткен жылдың қыркүйегінен бастап төрт айдың мектеп зертханашысы жұмысымның ақшасын толық аудармай отыр. Оны мен осы жылдың қаңтарынан бастап білдім, корешокте жалақым аударылмағанын. Мен неге берілмей отырғаны жөнінде мектеп директорына өтінішімді бергенімде, ол төленетінін айтты, бірақ бөліп-бөліп төлейміз деді. Мен амал жоқ, облыстағы еңбек департаментіне жүгіндім. Ондағылар мектепке «бір апта ішінде төлеп болыңдар» деп ескерткен. Негізі маған 0,5 мөлшерлеме зертханашылық жұмысыма ай сайын 74 мың теңге төленуі керек еді. Еңбек департаментіне жүгінгенімнің арқасында тиісті еңбекақылар төленді, бірақ Еңбек кодексіне сәйкес кешіктірілген соманы әлі төлеген жоқ,-дейді Мерей АБИЛОВА.
- Жалақының неге төленбей келгенін сұрадыңыз ба?
- Сұрағанымда мектеп директорының орынбасары ұмытып кеткенін айтты. Бір ай емес, төрт ай бойы қалай ұмытқан, түсінбедім?! Ендігі менің талабым - мектепте басқа құқық бұзушылықтар бар, соны тексеріңіздерші. Мысалы, мектептегі 0,5 ставкамен психолог жұмысқа алынады. Бірақ ол жұмысқа келмейді, ал оған ай сайын жалақы түсіп тұр. Қалайша?
Мектеп әкімшілігінен басқа да жапа жегушілер бар екен.
- Осы аталған мектепте 2013 жылдан бері іс қағаздарын жүргізуші болып жұмыс жасаймын. Мектепте құқық бұзушылық бар, атап айтқанда жалақының толық төленбеуі, жүктемені әділетсіз бөлу, бұйрықтарға өзгеріс енгізу, жұмысқа келмеген қызметкерге жалақы аудару. Осы аталған фактілерді тексерсе деймін. Мәселен, мектептегі бастауыш сыныптың мұғаліміне 0,5 ставкамен химиялық лаборант алды. Бастауыштың мұғалімі қалайша лаборант болады?! Мен мысалы мектепте жұмыс жасаймын, қосымша білім алып информатика пәні мамандығым бар. Бұдан бұрын бес балам бар, жолдасым жұмыссыз деп тұрақты жұмыс сұрап, арыз жазғанмын. Осыдан кейін директор угроза жасап, айқайлап, стресс алдым. Кейін менің үйіме келіп, кешірім сұрады. Менің денсаулығым күрт нашарлады осының кесірінен. Маған лаборант жұмысын бергенімен уақытша деп шықты. Қалайша, неге тұрақты бермейді? - дейді Аяжан ШЫНТЕМІРОВА.
«АЖ» тілшісі Б. Нысанбаев атындағы орта мектебінің директоры Анар ҮМБЕШПЕН осы жай барысында сөйлескісі келгенімен, оның аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, үйіне кетіп қалған екен. А.Үмбеш осы мектепте он екі жылдан бері директор болып жұмыс жасайды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы О. Ділмұқашевмен тілдесуге мүмкіндік алдық.
- Арыз түсті, бүгін соған келіп отырмыз. Екі педагогпен сөйлестік, басшының көзінше де, шақырып алып та айттық. Айтып жатырмын, бізге осы уақытқа дейін айтуы керек еді. Ал дәл мына жағдайды жұмысшы тобы қарап жатыр. Аяқталғаннан кейін сіздерге қорытындысын береміз ғой. Мектеп директоры ұзақ жыл отырғаннан кейін ротациялау бойынша 5-7 жылда ауыстырылып тұруы тиіс. Бірақ бұл ауылда мектеп жалғыз, ротацияланатын қосымша мектеп жоқ. Бірақ ауыл мектептері директорларымен өзара келісім арқылы ауысуға болады,-деп түсіндірді Ділмұқашева.
Жалпы Индер ауданы бойынша 15 мектеп бар. Олардың арасында мектеп директоры қызметін он жылдан астам атқарып отырғандар бар. Бірақ тәжірибеде педагог бола тұра, директордың қатардағы мұғалім болып ауысуы болған емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бейнежазбаларды түсірген автор