Атырау, 8 сәуір 14:49
 ашықВ Атырау +16
$ 518.31
€ 567.96
₽ 6.03

Жылға да жетпеді: құлсарылықтар жаңа үйлердің жарылып жатқанына шағымданды

Бейнежазба
1 735 просмотра
Видеодан стоп-кадр

Құлсары қаласының «Болашақ» ықшам ауданынан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып өткен жылы 100 үй салынып, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ лентасын қиған болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, жыл өтпей жатып кейбір үйлердің іргетасы сыр беріп, қабырғалары жарыла бастаған.

«АЖ» анықтамасы: 

Өткен жылы су тасқынынан 2 мың 600 үйді су басты. Ал 1455 үй бұылуға жатып, біразы мемлекеттен бөлінген ақшаға үй сатып алды. Сонымен бірге 100 шаршы метр болатын жүз үйдің 80-іне «Қазақстан халқына» қорынан 2 млрд 640 млн теңге бөлінсе, ал 20 үй жергілікті бюджеттің есебінен салынды. Әр үй құны 25 млн 500 мың теңгеге бағаланды. Бұл үйлердің құрылысына ондаған құрылыс компаниялары қатысқан болатын. Баспаналардың кепілдік мерзімі бір жыл ғана.

ЖЫЛҒА ЖЕТПЕЙ ҚАБЫРҒАЛАР ЖАРЫЛЫП ЖАТЫР 

Соңғы күндері әлсін-әлсін жауған қар көктемнің алғашқы күндерінде еріп жатыр. Тіпті кейбірінің ауласын шылқыған су басып қалған, канализация құдықтары да қар суына толған. Тұрғындардың айтуынша қарды күреп шығарғанымен мол судың әсері ме, жоқ кезінде нығыздалмағандықтан ба, жер босаңсып, төселген төсемтастар ажырап жатыр дейді.

- Үйімізді су басып, тұруға жарамағандықтан апатты деп танылған еді. Біз қаржысынан гөрі жаңа үйді таңдағанбыз, тың жерден, замануи үлгіде салынып жатыр деп. Бірақ бүгінде қуанышымыз су сепкендей басылып тұр. Өткен жылдың қараша айында көшіп келгенбіз. Қар тізеден келді, енді сол еріп жатыр. Еріген қар суы төселген төсемтастар астына кетіп, онысынан адам сиярлықтай тесік пайда болуда. «Армандастар» ЖШС салған дейді бұл баспаналарды, қабырғалары жарылып жатыр төрт-бес үйдің, саусақ сиятындай жарықтар бар,-дейді №65 үй тұрғыны Қамқа САДЫҚОВА.

Алты баласы бар Замира не істерге білмей дал. Үйінің екі бөлмесінің қабырғасындағы жарықтар көбейе бастапты. Ол күннен-күнге ұлғайып, қорқыныш туғызып тұрғанын жасырмайды.

- Міне қабырғадағы жарықтар. Жоғарыдан бастап түскен қуалап, бөлмеден бөлмеге өтіп жатыр. Біз тұрып жатқан үйді өткен жылы «Армандастар» ЖШС салыпты. Сапасыз салынғандықтан жылға жетпей қабырғалары қақырай бастады. Үш күн болды комиссия келіп қарап жатқанына. Бұл үй болашақта тұруға жарай ма, жарамай ма, білмеймін. Мердігер серіктестік бізге уақытша үй жалдап беріп жатыр, сосын бұл үйге күрделі жөндеу жұмысын өз күшімен жүргізбекші. Жөндеу жұмысын екі айда бітіреміз дейді, ол екі айда ма, үш айда біте ме, білмеймін. Әлден-ақ осындай, кейін тұруға келе ме, балаларыммен далада қалмаймын ба?-дейді №66 үй тұрғыны Замира АБАКАЕВА.

- Терезе дұрыс салынбаған, сапасыз, жел болғанда жапқышымыз ойнап тұрды. Өзім 16 мың теңгеге базардан терезенің резинкасын, ручкасын сатып алып ауыстырдым. Терезе неге осындай десем, оны салып кеткендер жауап бермей отыр.Төбемізден су ағып, мердігер мекемеге ескерттім,-дейді ауыл тұрғыны Гүлмира ОКУОВА.

БОЛАШАҚТА БҰЛ ҮЙЛЕР ТҰРУҒА КЕЛЕ МЕ?

Айгүл КАКИМОВАНЫҢ айтуынша қар көп болғандықтан ол еріп, іргетас астына кеткеніндіктен үй құлауы мүмкін екенін, жалпы құрылыстың сапасыз жүргенін айтады. 

Қардан тазартқанымен канализация құдығының айналасы опырылып қалғанын көрсеткен Жалғас ДІЛМАҒАМБЕТОВ асүй мен залының шатырынан су кеткенін, үйді саларда жерді топырағын нығыздамағандықтан осындай күй кешіп отырғанын сынаса, ал жалғызбасты, үш баланың анасы Нұргүл ЖҰБАТОВА бұл үйге тұру мүмкін еместігін айтты.

- Өткен жылдың 18 қыркүйегінде үйдің кілтін алған едім осы үйдің. Мұны «Құрылыс 18» компаниясы салған, канализация құдығының айналасы опырылып түсіп жатыр, дұрыстап жасатып бер дегенмін, олар қарасын көрсеткен жоқ. Атырауға да телефон соққаныммен тұщымды жауап ала алмай отырмын,-дейді Нұрболат ГУМАРОВ.  

Жалпы тұрғындар «Армандастар», «АВС Лимитед», «Құрылыс-18» ЖШС салған үйлердің сапасыздығын сөз етті.

Тұрғындардың дабылынан кейін ғана келген мердігер компаниялар үйлерді өз күштерімен жөндеп беретін айтып сендіруде.

- Бұл үйлерге мамандар барып, зерделеу жұмысын жүргізетін болады. Сондай-ақ үй қабырғасының неліктен жарылып жатқанын сараптама анықтайды. Бұл жөнінде қосымша хабарлайтын боламын,-дейді  облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ.

Алайда тұрғындар 1 жылдық кепілдік мерзімі тым қысқа деп есептейді.

- Өйткені бір қыста осындай жайттар анықталып отыр. Бір жылға жетпей қыста салқын, қабырғалары жарыла бастаған үйлерді жөндеп берер. Бірақ ол екінші қыста қалай болады, сол себептен кепілдік мерзімінің жылын ұзарту керек,-дейді тұрғындар бірауыздан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Видеоны түсірген автор

12 наурыз, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16