
Бұған дейін «АЖ» Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жұмыс істейтін «West Dala» компаниясы қызметкерлерінің наразылығы туралы желіде пайда болған ақпарат туралы жазған болатын. Telegram-да жарияланған үндеуде қауіпсіздік қызметі бөлімінің (ҚҚБ) қызметкерлері өз өкілеттіктерін асыратыны – сағат 22:00-ден кейін жұмысшылардың қозғалысын шектеп, оларды жұмыстан шығарамыз деп қорқытатыны, сондай-ақ жеке заттары мен бөлмелерін тексеретіні айтылған.
Басқа шағымдардың қатарында:
- 2024 жылдың қыркүйегінде инженерлік-техникалық жұмысшылармен (ИТЖ) жанжал;
- алкотест жасау кезінде ықтимал құқық бұзушылықтар;
- медперсоналға қысым көрсету;
- ҚҚБ басшылығымен байланысты техникаға қызмет көрсетуден бас тартқан қызметкерлерді жұмыстан шығару мәселелері де бар.
Компанияның жауабы
"West Dala" компаниясына сауал уақытында – 29 қаңтарда жолданған еді. Алайда жауап тек 6 наурызда, едәуір кеш келді, бұл БАҚ туралы заңның бұзылуы боп саналады. Басшылық емес, компанияның офис-менеджері қол қойған ресми хат мынадай мазмұнда:
1. West Dala интернетте жарияланған анонимді үндеу бойынша түсініктеме беруді қажет деп санамайды.
2. Компания Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қатаң сақтайтынын мәлімдейді.
Әкімшілік журналистердің нақты сұрақтарына жауап бермеді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА