
Теңіздегі «West Dala» серіктестігінің жұмысшылары қауіпсіздік қызметінің әрекетіне наразылықтарын білдіріп, құқықтарының бұзылғанын, қауіпсіздік қызметі бөлімінің (ҚҚБ) қызметкерлері тарапынан қысым көріп отырғандарын жеткізді.
Интернетте Теңіздегі Сана-3 вахталық кентінде орын алған оқиғалардв және оған қатысушыларды толық сипаттап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА, Премьер-Министр Олжас БЕКТЕНОВКЕ және Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВКЕ арналған үндеу пайда болды.
Олардың бірнешеуімен байланысудың сәті түсті. Олар жазылғандарды растады, бірақ ықтимал салдарынан қорқып, аты-жөндерін айтудан бас тартты. Сондай-ақ өздерінің үнемі қатты қысым көретіндерін: жұмыстан оралған соң сағат 22:00-ден кейін бөлмелерінен шығуға рұқсат етілмейді және компанияның бас директоры Қайрат САЛАХАДЕНОВТЫҢ атына баяндау хат дайындаймыз деп қорқытатындарын айтты.
«ҚҚБ шектен шығып кетті. Сізден ҚҚБ супервайзері Бауыржан ИМАНАЛИЕВҚА, ҚҚБ басшысы Нұржауған ТАНҚАШЕВҚА, ҚҚБ мамандары Ренат ЖҰМАБАЕВҚА, Самат АМАНҒАЛИҒА және Қайрат ҚАЛАМБАЕВҚА қатысты жұмыстан босатуға дейін қатаң шара алуыңызды сұраймыз. «Олардың бәрі дөрекілік көрсетіп, балағат сөздер айтады, өз өкілеттіктерінен асыра пайдаланып, бөлмелерімізді, төсек-орынымызды, сөмкелеріміз бен шкафтарымызды тексереді», - деп жазады жұмысшылар.
Сондай-ақ хатта компания бас директорының балдызы - ҚҚБ супервайзері Б.Иманалиевқа тиесілі бес техникаға қызмет көрсететін бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғаны туралы айтылады.
Инженерлік-техникалық қызметкерлермен жанжал: хаттан үзінді
West Dala компаниясының қызметкерлері 2024 жылдың қыркүйегінде инженерлік-техникалық құрамдағы бес қызметкердің қатысуымен болған оқиғаны сипаттады.
Сағат 23:00-де вахталық лагерьге кіре берісте қауіпсіздік қызметкерлері оларды күтіп тұрған. Жұмысшылардың айтуынша, олар дөрекі түрде қайтадан алкотестер тапсыруды талап еткен. Бұдан бас тартқан кезде жанжал туындап, Иманалиев озбырлық танытып, айғайлап, әдепсіз сөздер айтып, полиция шақырамын деп қорқытқан. Мұның бәрі видеоға түсірілген және арандатушылық сияқты көрінген.
Жандалдан кейін Бас директордың кеңесшісі Василий КУЗЬМИН мен ҚҚБ басшысы Нұржауған ТАНҚАШЕВ Қалдықтарды басқару кешені (ҚҚК) базасына келді. Анықтау барысында санитарлық дәрігер жұмысшыларды жақтап, ҚҚБ қызметкерлерінің әрекеті өз өкілеттіктері шегінен шығып кеткенін айтқан, алайда Н.Таңқашев өз қарамағындағылардың әрекетін мақұлдады.
Тағы бір даулы мәселе – алкотест жасауға қатысты. Жұмысшылардың айтуынша, ҚҚБ мамандары тест жасау кезінде медициналық қызметкерлерді бақылау үшін жіберілген.
Сонымен қатар, жүргізуші Темірбек Ақановтың, ҚҚБ маманы Қайрат Қаламбаев пен бас механик Талғат Тәжиевтің арасында жанжал шыққан. Жұмысшылар өз хаттарында Ақановтың осы оқиғадан кейін жұмыстан шығарылғанын айтады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
West Dala компаниясы ТШО-мен 2008 жылдан бері бірлесе жұмыс істейді, өндірістік және тұтыну қалдықтарын басқару бойынша кешенді қызметтерді ұсынатын мердігер. Теңізде компания Теңіз және Прорва қалдықтарын өңдеу кешендерін салып, пайдалануға берді.
Жылыой ауданында орналасқан Теңіз қалдықтарын басқару кешені (ҚБК) ТШО тұтынушылары үшін қауіпті қалдықтарды қабылдауға және өңдеуге арналған. 2019 жылдан бастап «Теңіз» ҚБК келешек кеңею және ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару (ККЖ/ҰЕҚБЖ) жобалары бойынша қалдықтарды басқару қызметтерін ұсынады.
ТШО-ның жауабы: хат жазыңыздар
Біз West Dala қызметіне тапсырыс беруші ретінде ТШО баспасөз қызметіне қызметкерлердің шағымдарына түсініктеме беруді сұрап, сауал жолдадық. Компания келесідей жауап берді:
«Теңізшевройл (ТШО) мердігер компаниялары - тәуелсіз заңды тұлғалар және осы мәселе бойынша барлық сұрақтарды мердігер компаниялардың басшылығына жолдаған жөн. ТШО адам құқықтарын құрметтейді және өз мердігерлері мен жеткізушілерінен де осыны күтеді.
Сонымен қатар, ТШО-да мүдделі тараптар ұсыныстар мен ескертулер қалдыра алатын кері байланыс процесі бар. Шағым беру әдістері туралы ақпаратты ТШО-ның ресми сайтында мына сілтеме бойынша алуға болады: https://tengizchevroil.com/ru/contact-us/feedback
ТШО өзінің өндірістік қызметінің нақты егжей-тегжейіне түсінік бермейді».
Мердігердің жауабын күту
Біз West Dala компаниясына да сауал жолдадық. Кеңсе менеджері хатты алғанын растап, оның басшылыққа берілгенін айтты.
P.S. Еңбек инспекциясы бұл фактілер бойынша жұмысшылардан ресми арыз түспегенін хабарлады.
Айнұр САПАРОВА