ІІД-нің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова хабарлағандай, криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері облыстық әкімдік басқармаларының біріндегі компьютерлерден конкурс комиссиясы мүшелерінің электронды сандық қолдарын (ЭСҚ) ұрлау фактісі бойынша қылмысты ашқан.
Ұрланған ЭСҚ www.goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу сайтына ЖШС-тердің бірінің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға рұқсат алу мақсатында рұқсатсыз кіру үшін қолданылған. Тендерге қатысуға рұқсат беру мерзімі өтіп кеткендіктен, қолдар өткен күнмен қойылған. Осы ЖШС-ке алаяқтар конкурстан ұтасың, ал құжаттарды кеш тапсыру сияқты «болмашы нәрселерді» оңай түзетеміз деп уәде берген (тегін емес, әрине).
Алайда сайтты бұзу әрекеттерінен жүйе кілттеніп қалып, кері ашуға құпия сөзді қабылдамаған. Бұл жағдай күдік тудырып, нәтижесінде алаяқтық әшкереленді.
Осы қылмысты жасады деген күдікпен 4 адам ұсталды. Ұсталғандардың бірі – облыстық әкімдіктің қызметкері, конкурс комиссиясының мүшесі. Түрлі компанияларға бай тендерлік «бәлішті» ұсынып жүрген сол қызметкер екен. Қалған үшеуі мемлекеттік мекемелердің компьютерлеріне қызмет көрсететін мамандандырылған АҚ филиалдарының бірінің қызметкерлері болып шықты. Олар заңды тұлғаларға ЭСҚ тарату бойынша қызмет көрсеткен.
Осы факті бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР ҚК-нің 325-бабы 2-тармағы бойынша (жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкалар мен мемлекеттік марапаттарды жасау, дайындау және сату) қылмыстық іс қозғалды. Тамызда ҚР ҚК-нің 227- бабы бойынша (компьютерлік ақпараттарға заңсыз қол жеткізу, ЭЕМ-ге арналған зиянкесті бағдарламаларды жасау, қолдану және тарату) тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Қазір осы қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау үшін жедел іздестіру және тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ