Атырау, 28 наурыз 14:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Цистерналармен ұрлайды

2 116 просмотра

Өткен бейсенбі күні өткізілген баспасөз конференциясында облыстың көлік прокуроры Болат ҚАЛЫҚОВ Атырау мұнай өңдеу зауытының серіктес компанияларынан заңсыз алынған мұнайды заңдастару бойынша фактілер анықталғаны жөнінде әңгімелеп берді. Ол, сондай-ақ, ағымдағы жылдың жеті айында прокурорлық тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар туралы хабарлап, атышулы мемлекеттік тумен қоқыс шығару фактісіне қатысты да  түсінік берді.

«ЖАЛҒАН» СЫЗБА

Қалықовтың өзін қосқанда алты адамнан тұратын жедел штат 32 тексеру жүргізіп, 2 129 заң бұзушылықты анықтады, тәртіптік жауапкершілікке 153 адам, әкімшілік жауапкершілікке 92 адам тартылды. 13,7 млн теңге шығын өтелді.

- Мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз айналымға салу бүгінде қылмыстық құрылымдардың негізгі кіріс түрлеріне айналды. Сондықтан да көлік қызметінің осы саласын әліміз келгенше бақылауға, мониторинг жүргізуге, талдау жасауға тырысамыз. Осылайша, жүргізілген талдаулардың нәтижесінде АМӨЗ-де мұнайды заңсыз өңдеу фактілері анықталды. Мұны анықтау үшін бізге бірнеше күн ішінде түрлі кәсіпорындар мен органдарға 400-ге жуық сұраныс таратуға тура келді, өйткені Атырау зауытының қуатымен өз өнімдерін өңдеумен айналысатын 50-ден аса АМӨЗ-дің серіктес компаниялары бар. Осылардың арқасында жақсы жолға салынған сызба бар екені анықталды: жеткізуші фирмалар шындыққа жанаспайтын ілеспе құжаттарды ұсынады екен.

- АМӨЗ бұл қулық-сұмдықтар туралы біле ме? 

- Тергеу көрсетеді. Әзірге осындай заң бұзушы компаниялардың қызметтері тоқтатылды. Қазіргі уақытта қаржы полициясы органдары 11 қылмыстық іс қозғады, шыққан жері расталмаған мұнай мен мұнай өнімдерінің көлемі 6,5 мың тоннаны немесе 100 вагон-цистернаны құрады. Бұлардың ішіндегі екі іс – Petroline ЖШС лауазымды тұлғаларының үстінен шикі мұнайды құжатсыз тасымалдау және алу фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 183-1 бабы 1 тармағына сәйкес қылмыстық істі тікелей өзіміз қозғадық. Осы бағыттағы қаржы полициясымен бірлескен жұмыстарымыз жалғаса береді. Біз 2010-13 жылдар арасындағы құжаттармен жұмыс жасаймыз.

ТЫП-ТЫНЫШ 119 МИЛЛИОН ЖЫМҚЫРҒАН

Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу заңдылығын сақтауды тексеру барысында «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің «Мақат локомотив жөндеу депосы» филиалынан прокуратура осы ұйымның лауазымды тұлғаларының 111 907 179 теңге сомасында қаржы жымқыру фактілерін анықтады. Осы айтылған фактілер бойынша прокуратура «Мақат Сервис-2004» ЖШС және «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің «Мақат локомотив жөндеу депосы» филиалының екі бас есепшісіне қатысты екі жемқорлық қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық істер кінәләу қорытындыларымен бірге сот қарауына  жіберілді.

Ұшу қауіпсіздігі туралы заңнамалардың қолданылуы саласына жүргізілген тексеру 58 заң бұзушылықты анықтады. Олардың нәтижесі бойынша 7 ұсыныс қаралып, төрт адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, үш тікұшақ тұрағын пайдалану тоқтатылды.

ҚҰБЫРДАҒЫ ТЕСІК

Магистралды құбыр желілерін пайдаланатын шаруашылық субъектілерін тексеру барысында өнеркісіптік қауіпсіздік туралы заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АтӨФ-ке қарасты магистралды газ құбыры желісіне қолданысқа енгізілгеннен бері (1996 ж.б.) аспапты және тереңдетілген зерттеулер, яғни құбырдың жағдайын анықтап, әрі қарай қолдана беруге шешім шығаруға арналған құбырішілік диагностика жүргізілмегені анықталды, ал бұл қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді.

Сондай-ақ, 5 маусымда «ҚазТрансОйл» АҚ БФ Құлсары мұнай құбыры желілері басқарамасына қатысты «Прорва - Құлсары» мұнай құбыры денесіндегі құйма орнынан тесік пайда болып, мұнай ағындысы орын алды және топырақ беті ластанды. Үш тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 400 мың теңгеден аса сомаға айыппұл салынды. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ БФ-дан қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 8,7 млн теңге сома өндірілді.

Монополияға қарсы заңнамаларды сақтауды тексеру монополияға қарсы заңнамаларды бұзушылықты анықтады. «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ өкілетті органның келісімінсіз жанар-жағар май материалдарын сақтау мен резервуарларды жалға беру қызметтерін көрсетеді екен. «АТМА»-ға 1,6 млн теңгеден аса сомаға әкімшілік айыппұл салынды.

ПАРА АЛУ ТУРАЛЫ ІСТЕР – СОТТА

Бүгінде көлік прокуратурасы қадағалайтын Атырау станциясының ЖІІБ бастығының орынбасарына, Шалқар станциясы ЖПБ-нің жедел уәкіліне, Қандыағаш ЖПБ-ның тергеушісіне қатысты ҚР ҚК-нің 24-бабы 3 тармағы және 311-бабы 4 «б» тармағы бойынша (Пара алу)(«АЖ» 11.03.13  №...«Істі жабамыз деп сөз берді» мақаласын қараңыз) қозғалған атышулы қылмыстық істер сотта қаралып жатыр. Сондай-ақ Жайық өзенінде 4 адамның ажалына себепші болған шағын қуатты 2 кеменің соқтығысуы фактісі бойынша («АЖ» 22.10.12  №... «Байда мен казанка соқтығысқаннан кейін 4 адам суға кетті» мақаласын қараңыз) ҚР ҚК-нің 101-бабы 2 тармағына сәйкес қозғалған қылмыстық іс те кінәлау қорытындысымен сотқа жіберілді.

СОНЫМЕН, ТУДЫ ЖӘБІРЛЕГЕН КІМ?

- Алайда, ең атышулы оқиға 2012 жылғы наурызда көлік прокуратурасы шарбағы жанында мемлекеттік рәмізбен қоқыс шығару болды ғой.

- Иә, бұл үлкен дау тудырған оқиға болды. Ішкі істер басқармасы қылмыстық іс қозғады, тіпті, прокуратураға тиесілі тулардың шағын бөлшектері мен белгісіз адамдардың қоқыс шығаруға қолданған туы сәйкестігіне сараптама да жүргізілді. Тағы да естеріңізге саламын – тазалау жұмыстары жүргізілген аумақ біздің жеріміз емес. Менің білуімше, бүгінде бұл іс жауапқа тартылатын тұлғалардың анықталмауына байланысты тоқтатылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

13 тамыз 2013, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.