Атырау, 7 желтоқсан 17:54
 ашықВ Атырау -3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

37,4 млрд теңге айыппұл салынған атыраулық кәсіпкердің шағымы Жоғарғы сотқа жетті

1 354 рет қаралды

Ақпан айының соңында Қазақстанның Жоғарғы соты «Oxygenator» ЖШС директоры Мұрат НИЯЗОВТЫҢ 37,4 миллиард теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты кассациялық шағымын қарады.

Кәсіпкер шағымын өткен жылдың сәуір айында берген. Екі жылдан бері ол шағын бизнеске сай келмейді деп санап, айыппұл сомасын қайта қаралуын күтіп жүр.

— Неліктен 37,4 млрд? Неге 37 миллион немесе 3,7 миллион емес? Біздің компанияның нақты айналымын ескерсек, бұл қандай негізге сүйеніп есептелген? — деді Ниязов.

Жоғарғы сот салынған айыппұлдың негізділігі бойынша түсінік алу үшін іс материалдарын Ғылыми-консультативтік кеңеске жолдады.

— Ғылыми-консультативтік кеңес айыппұл салу мәселесін қарауы тиіс. Экология департаментінің инспекторы қалдықтардың кәдеге жаратылғанын, бірақ бұл процес оның жинақталуына бекітілген лимитсіз жүргізілгенін хабарлады. Экология кодексіне сәйкес, қалдықтардың жинақталу лимитін мұнай-сервис компаниясы емес, оны түзуші – яғни, кен орны әзірлеуі тиіс. Сондықтан да болар, Жоғарғы сот істі Ғылыми-консультативтік кеңеске жіберді. Мұндай іс 30 жылда алғаш рет кеңестің қарауына ұсынылып отыр, - деп атап өтті Ниязов.

Бәрі қалай басталды?

2023 жылдың 1 қарашасында Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «Oxygenator» ЖШС-не жеке учаскесінде - Доссор кентіндегі Сағыз полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын заңсыз жинақтағаны үшін 37,4 млрд теңге айыппұл салды. Прокуратураның мәліметінше, компанияда қажетті экологиялық рұқсат болмаған.

Прокуратураның талабы бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді. Кәсіпорынның тиісті рұқсат құжаттарынсыз қалдықтарды жинақтап отырғаны анықталды. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Айыппұл салынғаннан кейін компания апелляциялық шағым түсіргенімен, 2023 жылдың 29 қарашасында Атырау облыстық соты оны қанағаттандырмады. Оған қоса экология департаменті мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа қалдықтарды одан әрі жинақтауға тыйым салу талабымен жүгінді. 2024 жылдың 22 қаңтарында сот талап арызды қанағаттандырып, атқару парағы сот орындаушыларына берілді.

Компания ұстанымы

Мұрат Ниязов өз компаниясында барлық қажетті рұқсаттар болғанын, мәселе заңнамадағы сәйкессіздіктен туындағанын айтады. Оның айтуынша, қалдықтар сақталмаған, кәдеге жаратылған.

— Біз түсіндіріліп жатқандай, қалдықтарды төккен жоқпыз. Ешқайда аққан жоқ. Біз «Ембімұнайгаз» АҚ, «Alties Petroleum International B.V.» ЖШС, «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» СБК» ЖШС сияқты компаниялармен жұмыс істедік. Біз кейін кәдеге жарату үшін қалдықтарды шығару қызметтерін көрсеттік. Егер бізде қажетті рұқсат құжаттары болмаса, тендерлерге қатыса алмас едік. Ірі мұнай компаниялары қалдықтарды кәдеге жарату талаптарын нақты белгілейтін «Самұрық-Қазына» қорының қатаң стандарттары бойынша жұмыс істейді. Егер біз экологиялық нормаларды бұзсақ, бізге төлемеген болар еді, - дейді Ниязов.

Ол «Oxygenator» компаниясы Доссордағы базаны 2021 жылы «Интермед-Орал» ЖШС-нен алғанын, ал компанияның лицензиясы мен экологиялық рұқсаты 2026 жылға дейін жарамды екенін айтты.

Экологтар ұстанымы

Тексеру қорытындысы бойынша компанияның І санаттағы нысанда 13 568 тонна қауіпті қалдықтарды сақтауға рұқсаты болмаған. Мамандардың пікірінше, бұл ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігін («Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу») бұзу болып табылады.

Бұдан басқа, компания 2022 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-мен 9 480 тонна мұнаймен ластанған топырақты қайта тазартуға келісімшарт жасасқан. Мұнай шламын тазарту физикалық-химиялық әдіспен жүргізілуі тиіс болды.

Алайда, 2023 жылы экологтар жоспардан тыс тексеру жүргізіп, база аумағынан мұнай шламы мен кокстың мәлімделген көлемнен асатын мөлшерін анықтады. Барлық алаңдардан алынған сынамалар бұзушылықтар бар екенін растады.

Айыппұл есептеген кезде экологтар мына формуланы пайдаланған: қалдықтар массасы АЕК-ке, содан кейін қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем мөлшерлемесінің 10 000%-на көбейтіліп, 100-ге бөлінген.

Енді айыппұл тағдырын Ғылыми-консультативтік кеңес шешеді.

— Бізде қалдықты уақытша орналастыру лимиті болмады деп айыптап отыр. Бірақ біз оларды сақтамадық, бірден сұрыптап, залалсыздандырдық. Ал залалсыздандыру – кәдеге жарату, - дейді Ниязов, - Біріншіден, бұл елді мекеннен 25 шақырым жерде орналасқан жеке аумақ. Екіншіден, мен тәуелсіз экологиялық мониторинг жүргіздім, оның нәтижесі қоршаған ортаның ластануы болмағанын көрсетті.

Ол сондай-ақ өз компаниясының қызметі ластаушы заттардың рұқсат етілген шектері нақты көрсетілген лицензия шарттарына сай келетінін атап өтті.

- Егер бұл талаптарға сай келмесек, біз баяғыда жауапқа тартылар едік, - дейді ол.

Ниязовтың айтуынша, бастапқыда экология департаментінде шағым болмаған. Компания лицензиясын алған кезде Экология министрлігі нысанды тексеру туралы өкім жолдады. Экология департаменті мониторинг жүргізіп, тексеру актісін жасап, осы құжаттардың негізінде министрлік лицензия берді.

– Егер Жоғарғы сот біздің тарапымызды қолдаса, жұмысты жалғастырамын. Мен осы қалада туып-өстім және оның дамуына үлес қосқым келеді. Атырау онсыз да экологиялық проблемалардан зардап шегуде. Белгісіз компаниялардың қалдықтарды кез-келген жерге төгіп жатқанын жаңалықтардан көріп жүрсіздер. Енді елестетіп көріңізші, Атырау облысында қаншама қалдық үйінділері бар. Бұл үлкен мәселе және онымен күресу қажет, - деді ол.

Ол сондай-ақ 2023 жыл бизнес үшін сынақ болғанын айтады.

– Мүмкін бұл тек еңсеруді қажет ететін қиын кезең шығар. Бірақ, Алла қаласа, бәрі жақсы болады. Торығудан шаршадым. Осы уақыт ішінде 12 келіге арықтап, 12 тісім түсіп қалды.

Соған қарамастан ол оптимистік көзқараста.

- Тіпті, бір жыл өткеннен кейін Ұлттық статистика орталығы маған алғыс хат жолдады: менің компаниям біздің профилімізде Қазақстанның ең адал жеткізушілерінің үштігіне кіреді. Енді бәрі Жоғарғы соттың шешіміне байланысты, - деп сөзін түйіндеді кәсіпкер. 

Айнұр САПАРОВА

6 наурыз, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.