Атырау, 9 желтоқсан 17:03
 ашықВ Атырау 0
$ 508.30
€ 592.17
₽ 6.63

Ақтөбе облысының барлық апаттық қызметтері 24/7 жұмыс режиміне көшірілді

419 рет қаралды
Сурет: Ақтөбе облысының әкімдігі

Өңірде қар көп мөлшерде толастап жаууына байланысты Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қала және аудан әкімдері, ТЖД, «Қазгидромет», «Қазсушар» және коммуналдық қызмет басшыларымен шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігі. 

Жиында қарды тазарту, коммуналдық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру және су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды. Жауапты тұлғалардың есептері тыңдалып, түрлі ұйымдар арасындағы үйлестіруді жақсарту жоспарлары қарастырылды.

Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, Ақтөбеде қарды шығаруға 310 жүк көлігі жұмылдырылған. Бүгінге дейін 255 мың текше метр қар шығарылды. Қала жолдарына жауапты мердігерлер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Сурет: Ақтөбе облысының әкімдігі

Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде су тасқынының алдын алу екі айлығы жүргізілуде. Бұл шара аясында қарды шығару, арналарды тазарту, инертті материалдарды дайындау және басқа да жұмыстар атқарылуда. Су басу қаупі бар аймақтардағы тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі жазылған жадынамалар таратылып жатыр. Төтенше жағдайларда әрекет ету үшін 2 454 адам, 866 техника бірлігі және арнайы қайықтар дайындалды.

«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саймованың айтуынша, наурыздың алғашқы бес күнінде қалада 13,6 мм қар түсті. Бұл – облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. 9 наурызға дейін қалада тағы қардың жаууы күтіледі. Сондай-ақ Әйтеке би, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Ырғыз, Хромтау және басқа да аудандарда қар нормадан көп болды.

«Қазсушар» облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Тлеуовтың мәліметінше, су қоймаларындағы жағдай әзірге тұрақты. 280 млн текше метрге дейін су жинайтын Қарғалы су қоймасында қазіргі таңда 81 млн текше метр су бар. Ақтөбе су қоймасында 183 млн, ал Сазды су қоймасында 5 млн текше метр бос орын сақталған.

«Қардың көлемі өте көп, оны су тасқыны басталғанға дейін шығарып үлгеруіміз керек. Сондықтан қосымша өндірістік кәсіпорындардың техникаларын тартып, қар тазалау жұмыстарына жұмылдыру қажет. Сонымен қатар, су айдындарындағы мұздың еруін бақылау маңызды. Аудан әкімдіктері мен барлық апаттық қызметтер су тасқынының алдын алуға барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс. Біз жағдайды күнделікті бақылап, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдаймыз. Ауа райының өзгерістерін жіті қадағалап, жедел әрекет етуге дайын болуымыз қажет. Әрбір жауапты тұлға өз міндетін уақытылы орындау, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жауап береді», – деп түйіндеді облыс әкімі.

6 наурыз, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.