
Еске салайық, 1 наурыз күні сағат 10:20-да Теңдік станциясындағы теміржол өткелінде пойыз жүк көлігімен соқтығысқан болатын.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар тепловоз кабинасынан үш машинистті құтқарған. Аяқтары сынған машинистер облыстық ауруханаға жеткізілді. Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шеккен жоқ.
Қарабатан станциясында "Маңғышлақ-Атырау" жолаушылар пойызы кешіктірілді. Салдарын жою үшін қалпына келтіру пойызы жіберілді.
Оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 12 құтқарушы мен 4 техника жұмылдырылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер дәрігерлердің бақылауында, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жағдайлары тұрақты ауыр деп бағалануда.
Жомарт ӘМІРХАНОВ