
Соңғы жылдары Қытайлық автокөліктердің Қазақстанда танымалдығы артып барады. Алайда, олардың сапасына қатысты тұтынушылардың шағымдары да көбеюде, деп хабарлайды Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне (ҚР СИМ ТҚҚК) және оның өңірлік департаменттеріне «темір тұлпарларға» қатысты 57 өтініш түскен. Бұл – бір жыл ішінде автомобильдерге қатысты тіркелген 144 шағымның әрбір оныншысы.
Көбіне көлікте қозғалтқыш қорабының ақаулары; электроника мен салқындату жүйесіндегі кемшіліктер; автокөлік сипаттамаларының көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі сияқты шағымдар тіркелуде.
Автосалондарға қатысты шағымдардың көбі Астана мен Алматыда тіркелген. Комитеттің деректері бойынша, кейбір тұтынушылар көлікті автосалонға қайтаруға мәжбүр болған. Ал, басқа жағдайларда өңірлік департаменттердің араласуымен автосалондар ақауы бар бөлшектерді өз есебінен жөндеуге немесе ауыстыруға міндеттелді. Қазақстанның барлық өңірінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері автокөлік иелерінің мәселелерін шешуге атсалысты.
Егер дилер 10 жұмыс күні ішінде жауап бермесе немесе мәселені шешуден бас тартса, ТҚҚК-нің өңірлік департаменттері тұтынушыларға құқықтық кеңес беруге, талап арызды дұрыс рәсімдеуге және қажет болған жағдайда сотта тұтынушының мүддесін қорғауға көмектеседі, деп атап өтті комитет мамандары.
Сонымен қатар Комитет және оның өңірлік департаменттері автокөлік сатып алушыларға мынадай кеңес ұсынады:
- Өндіруші мен автокөлік моделі туралы толық ақпаратты мұқият зерттеңіз;
- Басқа тұтынушылардың пікірлермен танысып шығыңыз;
- Кепілдік шарттарын мұқият оқып шығыңыз;
- Құжаттарсыз және кепілдіксіз көлік сатып алмаңыз;
- Егер көлікте ақау болып шықса, алдымен дилерге немесе сатушыға жазбаша шағым жіберіңіз.
В Атырау -4