
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыс барысында екі оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды резервтік күштермен қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз құруға бағытталған.
«Заң резервтегі әскери қызметті өткерудің құқықтық негіздері мен шарттарын қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатпен «резервтегі әскери адамдардың» мәртебесі, олардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Әскери қызметін резервте өткеретін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де реттеліп отыр. Мақұлданған заң Қарулы Күштеріміздің әлеуетін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Палата Төрағасы.
Заң арқылы азаматтардың резервтегі әскери қызмет өткеру мерзімі мен тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері және қойылатын талаптар мен шектеулер белгіленеді. Нақты айтқанда, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет өткеретін, вахталық әдіспен не ауысымдық жұмыста істейтін азаматтар резервтегі әскери қызметке қабылданбайды. Бұдан басқа, заңда әскери қызметшілерге 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін жыл сайынғы индекстеу жөніндегі нормалар қарастырылған. Сондай-ақ жеткілікті еңбек сіңірген жылдары бар күштік құрылымдардың қызметкерлеріне келісімшарт мерзімі өткеннен кейін зейнетақы төлемдеріне құқық беріледі.
В Атырау -4