Норвегия премьер-министрі Йенс Столтенберг таксист болып жұмыс істеуде Норвегия премьер-министрі Йенс Столтенберг журналистерге маусым айында бір күн таксист болып астыртын жұмыс жасағанын әңгімеледі, деп хабарлады Би-Би-Си.
Премьердің айтуынша, ол 2013 жылдың қыркүйегінде болатын парламенттік сайлаудың алдында қарапайым норвегтермен шүйіркелесіп, жай-күйін білмек болған.
«Мен адамдар не ойлайтынын білгім келді», - деп мәлім етті үкімет басшысы.
Столтенберг халық көбірек жүретін, өздерінің ойларымен емен-жарқын бөлісетін жерлерде жұмыс жасаған. Ол өзін білдіртпеу үшін көзіне күннен қорғайтын көзілдірік киіп, Осло таксистерінің жұмыс киімін киген.
Алайда жолаушылар оның кәдімгі таксистерден өзгеше адам екенін байқаған.
Клиенттердің бірі таксиске қарап, «Сіз Столтенбергке ұқсайды екенсіз!» деген ойын да айтып үлгерген.
Жүргізушімен әңгімелескендердің көпшілігі саясат мәселелерін сөз еткен.
Автомобиль салонында мұның бәрі жасырын камераға түсіріліп, кейіннен Facebook әлеуметтік желісіндегі премьердің парақшасына орналастырылған.
Ол Столтенберг көшбасшысы болып табылатын Норвегия жұмысшы партиясының сайлауалды жарнамасында пайдаланылуы мүмкін.
Йенс Столтенберг такси жолаушыларынан жолақы алмаған көрінеді.