Атырау, 21 желтоқсан 13:34
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

«Әділдік талап етеміз»: Құлсарыда қаза тапқан жасөспірімнің анасы кінәлілердің жазалануын күтіп жүр

976 рет қаралды

Осыдан тура бір жыл бұрын Құлсары қаласында 17 жастағы Эльдар АМАНБЕКТІҢ өмірін қиған қайғылы оқиға орын алды. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген белсенді, елгезек жігіт көп қан жоғалтып, көлік ішінде қайтыс болды. Содан бері оның анасы Алтынай ШАЛТАЕВА тергеудің әділ жүргізілуіне қол жеткізе алмай келеді.

Еске салайық, қаңтардың 18-інен 19-на қараған түні бейнебақылау камералары төрт досымен бірге Эльдар отырған көлікті бір топ жігіттің қоршап алғанын түсіріп алған. Төбелес басталған. Эльдар санынан пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оған санның ашық жарақаты, травматикалық пневмоторакс, жамбас аймағындағы көптеген жарақаттар және миы шайқалған деген диагноз қойды. Сол түні аудандық ауруханаға 2006 және 2007 жылы туған тағы екі жасөспірім – 10 және 11-сынып оқушылары түрлі дене жарақаттарымен түскен. Кейін белгілі болғандай, сол күні кешке Эльдар №9 мектептің 10-сынып оқушысы - досының туған күніне барған. Ол ата-анасына қоңырау шалып, әлдебір жігіттердің тиісіп жатқанын айтып, өзін алып кетуді сұраған. Әрі қарай оқиға тез өрбіп, жігітті құтқару мүмкін болмады...

– Бұл жігіттер менің баламды танымайды. Біз 3-ші ықшамауданда тұрамыз, оны 1-ықшамауданда тұратын бірімен шатастырған. Олар пышақпен дайындалып келген. Бұл қылмыс үшін ешкімнің жазаланбауы күннен күнге ауыр тиіп отыр. Осы уақыт ішінде мен бұл жігіттердің көзінен бір тамшы өкініш көрген емеспін: тіпті кешірім сұрауға ешкім де келмеді, - дейді марқұмның анасы.

Тергеу мәліметінше, 12-ден көп жігіт шабуыл жасаған. Бірақ күдікті ретінде бір ғана адам өтіп, бір жылдан соң тергеу абақтысынан босатылған. Істегі төрт баланы ата-анасы әскерге жіберсе, енді бірі жасырынып, бір жылдан кейін қамауға алынған.

– Күдіктілер арасында шартты түрде сотталғандар да бар. Демек, бұл олардың мұндай қылмысты бірінші рет жасауы емес. Біз сол түнде болғандардың бәрін жазалауды талап етеміз. Видеоға бәрі жазылған! – дейді Алтынай Шалтаева.

Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Тергеу оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтады. "Өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" және "Бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төрт күдікті қамауға, жетеуі үйқамаққа алынды. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, одан кейін іс сотқа жолданады, - деп түсініктеме берді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім ЕРДӘУЛЕТ.

Айнұр САПАРОВА

26 ақпан, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.