Атырау, 25 қараша 15:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсары. Қатыгездік қайдан келеді

2 066 просмотра

Атырау облысы бойынша Жылыой ауданында қылмыстық жағдай көп орын алады. Жуырда жастар арасындағы топтасқан жанжалдың соңы оқушының өлімімен аяқталды. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар балаларының болашағына алаңдап, басқа қалаға көшуді де ұйғарған. Жуырда «АЖ» тілшісі осы ауданда болып, төбелес пен кісі өлімі болатын жағдайлардың себебін анықтау үшін халықтың ойын біліп, мән-жайлармен танысып келді. 

ОҚУШЫНЫҢ ӨЛІМІ

Қаңтардың 18-нен 19-на қараған түнде Құлсары қаласында жастар арасындағы төбелесте қайғылы жағдай орын алды. Аудандық ауруханаға 2006-2007 жылы туған 2 студент, 10 және 11 сыныптың 2 оқушысы түрлі жарақатпен («открытая рана бедра», «трамватическии пневмоторкс», «множественные открытые раны области тазобедренного сустава и бедра», «сотресение головного мозга») түсіп, 2006 жылғы 11 сынып оқушысы Эльдар АМАНБЕК (суретте) пышақ жарақатынан көз жұмды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Осы қылмысқа қатысты күдікті екі адам қамауға алынды, оның бірі 2007 жылы туған №8 мектеп оқушысы. 

Біз қапияда өлім құшқан өрімдей жастың ата-анасымен тілдесу үшін Эльдар тұрған қаладағы ықшамауданның біріндегі қаралы үйге бас сұқтық. Қайғының қалың құшағында отырған шаңырақта оқушы баланың әке-шешесінен бөлек әжесі, басқа да туыстары болды. Эльдар Жаңабек пен Алтынайдың тұла бойы тұңғышы еді. 

- Ұлым елгезек, еңбекқор еді, ешкімге жамандық тілемейтін, ерекше еді, - дейді оқушының әкесі Жаңабек МҰСАБАЕВ. - Өткен жылдың жазынан бері адамдарды фотоға түсіріп, аз-мұз ақшасын тауып жүрді. 

... Балам сол күні кеште №9 мектептің 10 сыныбында оқитын бірге жүретін дос баласының туған күніне барып келген. Түнде "бір балалар тиісіп жатыр, алып кетіңдер» деп телефон соққан. Ойларында дым жоқ, балам және машина жүргізушісін қосқанда алты адам болып барады. Дос баласын алып көлікке отырған кезде оншақты жас жігіт пайда болады. Естуімше, сол отырыста болған «Төртінші ауылдың» баласы «Бірінші» ықшамауданның балаларын келіңдер деп шақырған дейді. Әлгі балалар көлік ішіндегі Эльдар мен досына тарпа бас салып, пышақпен шабуыл жасайды...

Одан әрі не болғанын сол күні кезекші дәрігер Толқын МҰРАТҚЫЗЫ айтып берді: «Түнгі 01.20-01.30 шамасы болуы керек, үш адам әбден қансыраған жасөспірімді ауруханаға алып келді. Ақ түсті көліктің іші-сырты қызыл-ала қанға боялған. Алғашқы көмекке ұмтылғанымызбен жәбірленушіден тіршілік нышаны сезілмеді».

- Біз қаланың «Үшінші» ықшамауданында тұрамыз, - деп жалғады әңгімесін өмірі ерте қиылған жасөспірімнің әкесі. - Негізі «Төртінші» ауыл балалары «Бірінші» ықшамаудан балаларынан өш алғысы келген. Біздің балалар оларға кездейсоқ тап болған. Айналғанда менің балам жазықсыз өліп, басқа бала түрлі жарақат алды. Тосын келген қайғы бізге оңай тиіп жатырған жоқ. Ұлымның денесін Тараз қаласындағы ата баба қорымына апарып жерлеп келдік. Мен әлі тосыннан келген қайғыдан көп нәрсеге түсінбей жатырмын. Күдіктілер ұсталды дейді, екі жігіт. Бірақ сол жерде болған барлық бала әділ жазасын алу керек, - дейді Эльдардың ата-анасы бірін-бірі қолдап. 

- Эльдардың өлімін естігенде есеңгіреп қалдық, - дейді  М. Сатыбалдиев мектебінің директоры Алтынгүл ИБРАЕВА. - Кеше ғана жарқырап жүрген баланың жоқ екеніне сенгіміз келмейді. Ол шығармашылыққа жақын болды, армандары көп еді. Мектептегі шараларға белсене қатысты, сурет те салатын, фотоға да түсіретін, әртістік өнері де бар еді. Болашағынан үлкен үміт күтетін едік. Бір өкініштісі сол күні зардап шеккен екі бала осы мектепте тоғыз жыл оқып, колледжге оқуға түскен, ал үшіншісі 11-ші сыныпта оқиды.

ҚАТЫГЕЗДІК ҚАЙДАН КЕЛЕДІ

Аудандық ауруханадан алынған мәліметтер бойынша, 2022 жылы 33 ұрып-соғу дерегі, 14 - пышақ жарақаты, - оқ жарақаты, 2023 жылы ұрып-соғу дерегі - 31, пышақ жарақаты - 7, оқ жарақаты бойынша 1 факт тіркелген. Биыл екі пышақ жарақаты тіркеліп отыр. 

Жалпы Жылыой ауданында ауыл ауыл болып, ықшамаудандар арасында өзара жанжалдасу тоқтамай тұр. Шоқпартоғай мен Тұрғызба ауылы жастары арасында жанжалдың салдарынан бір адам қаза болды. 2023 жылдың 1 тамызында 2003-2004 жылғы туған жігіттер арасындағы төбелесте жанғыш заттары бар бөтелкеге ұқсас зат лақтырып, айналаны өртке ораған қорқынышты видео тарады. Салдарынан бір адам жарақат алды. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады, соққы жеп жабулы қазан күйінде жатқаны қаншама. 

Қатыгездік қайдан келді? Болмашы сөзге келіп қалып бірін-бірі қанжоса қылу неден туындап тұр? Көшедегі кез-келген адамға осы сұрақты қойып көрдік, бірақ көбі бұл тақырыпқа жауап бергісі келген жоқ, дегенмен... жауап берген бірен-саран адам болды. 

- Төбелес бүгін ғана болып жатырған жоқ. 1970-ші жылдардан бері қалыптасқан. Бірақ ол кезде бірін-бірі өлтіруге дейін бармайтын, құлаған адамға одан әрі тиіспейтін. Қазіргі кезде басқаша, жастар арасында бөлекше қатыгездік бар, өлгенше ұру, болмаса суық қаруды пайдалану арқылы өлімге дейін жеткізіп отыр. Полиция рейд жүргізгенмен еш нәтиже жоқ, төбелес тоқтамай тұр. Сол себептен осы төбелесті бастаушы топтың «жетекшілерін» және түрмеге барып келгендерді бір жерге жинап, ашық әңгіме жүргізіп, өзара профилактикалық шаралар жүргізу керек деп есептеймін. Учаскелік полицейлер жұмысын қадағалап, жауапкершілігін арттыру керек. Жасөспірімдер инспекторларынан жүйелі жұмысты талап ету қажет, - дейді тұрғындардың бірі Аманжан ЖАЛЕКЕНОВ.

- Аудандағы жастар арасында топ-топ болып төбелесуі ана ретінде мені де қатты алаңдатады. Менің ұлым 9 сыныпта оқиды. Өз баламмен сөйлесіп қарасам кездейсоқ жайттан төбелес туындап жатады екен, бірін-бірі орынсыз түртіп қалу, сөз көтере алмау салдарынан болады-мыс, - дейді Құлсарының тұрғыны Гүлмира ІДІРІСҚЫЗЫ.

АТА-АНА КІНӘЛІ

Ал аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВАНЫҢ айтуынша, жасөспірімдерді қызықтыратын мектеп шаралары, ақысыз спорттық секциялар жұмыс жасайды. Болашақта ауданнан «Сармат» әскери-патриоттық тәрбие беру мектебін ашу жоспарда бар көрінеді. "Негізі ата-ана тарапынан бақылаудың босаңсып кетіп, жапкершіліктің жоқтығынан осындай жайттар болып тұр" - дейді әкімнің орынбасары. 

Өзінің есімен айтудан бас тартқан жас келіншек: «Аудандағы бұл төбелестер әзірге тоқтамайды, жалғасады. Полиция дәрменсіз. Сол себептен жаз шыға басқа қалаға көшуді ұйғарып отырмын. Кейбіреулер ауданда адам көп содан дейді, неге Атырау қаласында осындай жік-жікке бөлініп төбелеспейді. Дұрысы көшу» деп отыр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

13 ақпан, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.