Атырау, 24 желтоқсан 09:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

Ескертусіз жабылды: ата-аналар Атыраудағы LETS мектебінен оқу ақысын қайтаруды талап етеді

856 рет қаралды
Фото 2ГИС 

Жекеменшік мектепке  балаларын берген ата-аналар сан соғып қалды. Жарнамасы жер жарған мектеп жабылып, қиын жағдайға тап болды.

"LETS School" жекеменшік мектебі 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқушыларды қабылдаған. Оқушы саны 247-ге жетсе, мұғалімдер саны - 37.

Сабақ беру үрдісі екі тоқсан бойына жалғасқан. Екінші тоқсанның соңғы жақтарында мұғалімдердің болмай қалуы себепті сабақтар дұрыс өтпеген. Себебі, мұғалімдерге уақтылы еңбекақысы берілмеген, тіпті үш айға дейін тиісті  жалақысын ала алмағандар бар. Еңбекақылары Kaspi Gold арқылы аударылса, зейнетақылары төленбеген болып шықты. 

- Желтоқсанда дұрыс сабақ өтпеді. Балаларымызды басқа мектепке беруімізге тура келді. LETS School әкімшілігі білім сапасы жағынан басқа мектептен артықшылығы барын сендіріп, ақыр аяғында лақтырып кетті. Балаларымыз үшін қыруар ақша төледік, тіпті миллиондап төлеп тастағандар бар. Ақшамызды кері қайтарсын,-деп талап етуде ашынған ата-аналар. 

Облыстық білім басқармасының бастығы Марат ӘБУОВТІҢ айтуынша, мектеп жұмысында шынымен де өрескел заң бұзушылықтар табылған. Соның бірі – білім беру қызметіне лицензияның жоқтығы.

Қазіргі уақытта оқушылар өзге мектепке орналастырылған. Ал білім сарасын бақылау департаменті істі мамандандырылған әкімшілік сотқа жолдап, мектепке 25 АЕК көлемінде айыппұл салынған. 2024 жылдың аяғында айыппұл 50 АЕК-ке дейін көбейтілген.

Жақында Атырау облысының мамандандырылған экономикалық соты LETS School-дың іс-әрекетін заңсыз деп танып, тарату жөнінде шешім шығарған. 

Қазіргі уақытта Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190 бабы ("Алаяқтық") 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. 

Алайда, балаларын LETS мектебіне жіберген ата-аналар қиын жағдайда қалды, өйткені олардың оқуға төлеген миллиондарын ешкім қайтармаған...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 ақпан, 12:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.