Кезекті жол көлік оқиғасы бүгін Әлиев көшесі бойында сағат 13.00 шамасында орын алды. Қызметтік номерлі «Хендай-Элантра» автокөлігінің жүргізушісі баланы қағып кетті. 13 жасар бала оқиға орнында қаза болды.
Жедел медициналық көмек қызметіне шақыру 13.03-те түсті. «Жедел жәрдем» қызметкерлері өлімді растап, кері кетіп қалды. Жүргізуші жас жігіт бір сағаттан аса уақыт көлігінде отырды. Оқиға орнына келген жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша, одан ешқандай мәліметтер алынған жоқ, есеңгіреп қалған. Ақ жаймамен жабылған баланың денесі жол шетінде, жүргіншілер өткелінен шамамен 20 метр жерде жатты. Жол бетінде тежегіш жолы мен қан көрінбеді. Оқиға турасында әлі нақты мәліметтер жоқ – ЖКО-ға кінәліні Ішкі істер департаментіне алып кеткен, тергеу басталды. Қаза болған бала оқиға орнынан жақын жерде тұратын болса керек, оқиға болғаннан 20-30 минуттан кейін жетінші сынып оқушысының мерт болған жеріне қайғыдан қарс айырылған ағайындары жинала бастады. Көргеніміздей, бала үлкен қазақ отбасынан екен. Иманды болсын!
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор