Қалаға Привокзальный жағынан кіретін темір жол өткелінің астындағы тас жолдың жабылғандығы аз болғандай, қыркүйекте жолшылар күндізгі уақытта Атырау-Қарабатан тас жолын жаппақшы. Олар жүргізушілер үшін айналма жолдың болатынына уәде берді.
Автокөлік жолдары комитеті департаментінің жетекшісі Жантас ШАРИПОВТЫҢ айтуынша, Атырау-Қарабатан тас жолының 18 шақырымдық бөлігінің асфальт қабаты «СВАРРИИ СИЛ» неміс компаниясы лицензиясы бойынша дайындалған қорғағыш, эмульсионды-минералды құйылмалы қоспамен жабылады. Мұндай жол қорғанышы Германияда 60-жылдардан бері қолданылып келеді. Бірнеше жылдан бері Ресейде де қолданысқа ие. ҚР территориясында бұл тәжірибе Ақмола, Атырау және Алматы облыстарының жолдарында жүргізіліп келеді.
Технологиясы бойынша бұл үстіңгі қабатты кедір-бұдырлы өңдеуді (ҮКБӨ - осындай жолқұрылысы термині бар) еске түсіреді. Бірақ немістер қиыршықтасты қорғағыш қабатын ыстық күйінде емес, салқын күйінде төсейді және оларды нығыздап тегістемейді. Жұмыс мердігері болып «БірлікЖолСтрой» астаналық жол компаниясы таңдалды.
- ҚР автокөлік жолдары комитеті облыстық департаментінің балансында республикалық маңыздағы 990 шақырым жол бар, - деп хабарлайды Жантас Ғазизұлы. – Олардың ішінде Атырау-Орал – 184 шақырым (тас жолдың БҚО шекарасына дейінгі бөлігі), Ақтөбе (Ақтөбе облысының шекарасынан бастап есептегенде) – Атырау – Ресей шекарасы – 552, Доссор – Құлсары – Маңғыстау облысымен шекара – 209 және Махамбет – Новобогат – 45 шақырым. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, олардың 310 шақырымының жағдайы өте жақсы. Ол Атырау – Доссор тас жолының 93 шақырымы мен 2006-2009 жылдары жөндеуде өткен Доссор – Құлсары – Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі осы жолдың жалғасы. 184 шақырым – қанағаттанарлық күйде. Сонымен қатар, 2005 жылы жөндеуден өткен Атырау – Орал тас жолы. 496 шақырым – қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы тас жолының түгелге дерлік бөлігі.
Үкімет әбден тозған осы жолды толық жөндеуден өткізуді 2014 жылға жоспарлап отыр. Бірақ қаржы көзі әлі анықталмаған. Әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінгі күні ҚР автокөлік жолдары комитеті департаментінің мердігері «КазАвтоДор» РМК филиалы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға тек қана шұңқырларды бітеу, жарықтарды жамау, жол белгілерін ауыстырып, қардан тазалау жұмыстарын ғана жүргізуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ