
Достық-Мойынты және Алматы айналма темір жолының құрылысы биыл аяқталады. Бұл туралы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов айтты, деп хабарлайды Kazinform.
- Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік хабқа айналуы қажет деп тапсырма берген. Соған байланысты теміржол саласында 1 300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Достық-Мойынты және Алматы айналма жобасы, Дарбаза-Мақтарал және Қытай елімен қосатын Аягөз-Бахты теміржол өткелі салынып жатыр. Жоспар бойынша екі жоба, яғни, Достық-Мойынты және Алматы айналма жобасы биыл бітіп, қолданысқа беріледі, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының кеңейтілген Үкімет отырысында берілген тапсырмасына сәйкес, Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту үшін ұзындығы 366 шақырым болатын «Қызылжар – Мойынты» жаңа темір жол желісін салу басталады. Бұл Транскаспий көліктік халықаралық бағытын 150 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.
- Мұнан бөлек, инфрақұрылым қуаттылығын арттыру және өткізу қабілетін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 1 200 шақырым «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жаңа жүйелері енгізіледі. Жоғарыда айтылған жобаларды осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр, - деді Нұржан Келбұғанов.