
17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырылып түсті, деп хабарлайды "Қазақмыс" корпорациясының баспасөз қызметі.
Оқиға салдарынан жеті жұмысшы үйіндінің арғы жағында қалды. Кабельдердің үзілуіне байланысты қазіргі уақытта жұмысшылармен байланыс жоқ.
Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Оған ТЖД-ның 21 қызметкері мен 7 техника бірлігі жұмылдырылған, сондай-ақ «Серіктес» АҚҚ-ның 2 бөлімшесі құтқару жұмыстарына тартылған.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы алты жұмыскердің денесін тапты. Жетінші жұмысшыны іздеу жұмыстары жалғасуда.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері үшін тән емес табиғи газдың жарылысы болған. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.
Қазақмыс ұжымдық келісімшартта көзделгендей, Жомарт кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам қаражат жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.
Корпорация басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
В Атырау -5