Біздің спортшылар Волгоградта
«Атырау» ФК футбол орталығының 2002 ж.т. шәкірттері Ресейдің бірінші дивизионында өнер көрсететін «Ротор» командасының базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізді.
Мұнда олар Металлургтар күніне орайластырған балалар арасындағы футбол турниріне қатысып, 1-орын алды. Ал Санжар Мұқимов (суретте) «Үздік ойыншы» сыйлығына ие болды.
«Атырау-2002» командасы алдымен «Ротор-2000»-нан 0:6 есебімен ұтылып қалды, қанша дегенмен, бұл жаста екі жыл айырмашылық үлкен мәнге ие. Содан кейін «Олимпия» командасындағы құрдастарымен екі матч өткізіп, бірін 5:0 есебімен жеңіп, екіншісінде тең ойын көрсетті. Ізін ала «Зенит-2001»-ді 2:1 есебімен ұтты.
«Атырау-2002» сапында Фархат Алтайұлы (2), Арсен Серікқалиев (2), Темірлан Рахымғали, Иманғали Жәңгірхан және Бекзат Мажитовтар гол соқты. Бекнұр Төреханов, Әлішер Ғариполлаев, Әлішер Құттығұлов, Аманқос Бақтығалиев, Диас Еламанов, Ақниет Қайратов, Абдул-Азиз Болатов, Рахман Жабел, Диас Батанов, Бекзат Серік, Олжас Дүйсемалиев, Азат Жұбанов және Бақытжан Әлімжанов сынды ойыншылар жеңіске жету үшін зор үлестерін қосты. Команданы бапкерлер К. Жакиялиев пен Е. Фазылов дайындады.
Фото «Атырау» футбол орталығынан алынған.
***
ТЖ - күш пен дәлдік
«Мұнайшы» стадионында Транспорт және байланыс қызметкерлері мерекесіне орай теміржол қызметкерлерінің спартакиадасы болып өтті. Жарыс жолына теміржол кәсіпорындарының 11 ұжымы қатысты.
Мини-футболдан 1-орын теміржол бөлімінің аппаратына бұйырды (НОД-13), екінші орынға «Транстелеком» байланыс компаниясы, 3-орынға вагон депосы (ВЧДЭ-1) ұжымы ие болды.
Кір тасын көтеруде басты сыйлық «Біржан-Атырау» ЖШС палуаны Теңес Бисалиевке бұйырса, екінші орынды ВП-9 командасынан Әнуар Таздарбаев иеленді, 3-орынға Сайрам Имашев («Біржан-Атырау») ие болды.
Жеңіл атлетика бойынша жарыста Қаһарман Аманов алдына жан салмады, 2-орынға Нұрлыбек Ниязбаев ие болды (екеуі де «ТЭК-АНПЗ» ЖШС-нен), 3-орынды «Біржан-Атыраудан» Алдаберген Жалауов қанжығасына байлады.
Дартста мергендігімен ерекшеленген Аймұрат Өтепов (НОД-13 командасы) 1-орынды иеленсе, 2-орынға ЭЧ-4-тен электроэнергетик Берік Досжанов жайғасты, 3-орынды «Кедентранссервис» командасынан Арман Ищанов жеңіп алды.
Шахмат жарысында 1-орын тағы да Берік Досжановқа (ЭЧ) бұйырса, 2-орынға оның командаласы Серікбол Шукешов ие болды, ал 3-орынды ВЧДЭ-1 командасынан Нұрлыбек Балсабиев иеленді.
Суретті түсірген Ринат ИМАНҒАЗИЕВ
***
Мирас - әлемнің ең үздігі
Атыраулық спортшы кәсіпқой әскери самбодан Әлем Кубогын жеңіп алды.
Жарыстар Сочи қаласында өтті. Мұнда Атырау намысын облыстық джиу-джитсу федерациясының екі шәкірті Айбек Бөлекбаев (74 келіге дейін) пен Мирас Шынтасов (90 келіге дейін) қорғады. Жарыс қорытындысында Айбек қола жүлдегер атанса, Мирас барлық айқастарын мерзімінен бұрын аяқтап, жеңіс тұғырына шықты.
Спортшылар мен жаттықтырушылар облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Нұржан Байғазиев пен вице-президенті Нұрлан Шангереевке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.
***
Еламан - Еуропа чемпионы
Португалияның астанасы Лиссабонда муай-тайдан Еуропа чемпионаты өтті.
Жарысқа 28 елден үш жүзге тарта тай боксының тарландары қатысты. Қазақстан құрамасы атынан бақ сынасқан 13 спортшының 11-і елге жүлдемен оралды. Еуропа чемпионатына Атыраудан барған 4 спортшы да финалға дейін жетті. Нәтижесінде Еламан Саясатов «алтын» алса, Ишан Ғалиев, Аман Қабдоллаев және Абылай Құралбаевтар күміс жүлдегер атанды.
Бұл жетістікке команданы жаттықтырған бапкерлер Мейрам Ғалиев, Бақытжан Мұхаметбетқалиев жәнеНұрберген Әміржановтардың қосқан үлестері зор. «Қайсар» дәстүрлі карате және муай-тай спорт клубының басшысы Айбат Рахман М. Ғалиев жетекшілік ететін Доссор кентіндегі ДСК-да жұмыс жасап жатқан муай-тай мектебін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, атыраулық тай бокс әуесқойлары жақсы дамып, тәжірибелерін арттыруда. Бапкерлер әлемдік турнирлерде де жеңістің ауылы алыс емес деп үміттенеді. Үстіміздегі жылдың тамызында Атырауда жастар арасында муай-тайдан ҚР Кубогы өтеді. Облыс құрамасы жалпы командалық бірінші орынға таласатын болады.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ