Атырау, 26 қараша 02:57
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз–2

6 867 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде «Ең тату отбасы» тақырыбында облыстық сайыс өткізілді.

Шараны «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» атты форум аясында Атырау облыстық әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырған болатын. Сайысқа мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 7 отбасы қатысты. Шарт бойынша сайысқа қатысушылар 3 сыннан өтті: өздерін таныстыру; бала тәрбиесіндегі өз отбасының жетістіктері туралы айту; үй тапсырмасы (қолөнер бұйымдарын немесе шығармашылық өнерлерін ортаға салуы тиіс).

 

«АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ СЫНАҒЫ ДЕП БІЛЕМ...»

Құрманғазы ауданынан сайысқа қатысқан Шамбозовтар отбасының анасы Жанар өзінің екі ұлы мен қызы Нұрлыгүл және әкелері Русланды таныстырып өтті.

Туғаннан зағип екі ұлы өнер сайысында электросинтезаторда аса шеберлікпен ойнап, ән шырқады. Ата-аналары еш қиындыққа мойымай, өрендерін өнерге баулып, тәрбиелеуде.

Анасы Жанар:

- Алла тағаланың сынағы ғой деп білем. «Отбасында әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, қандай жағдайда болмасын, олар өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, бақытқа жетеді» демекші, біз осы балаларымыз арқылы болашаққа сенеміз.

Ағайынды ШАМБОЗОВТАР.Ағайынды ШАМБОЗОВТАР.Шамбозовтар сайыс қорытындысында «Ең тату отбасы» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп, 200 000 теңгеге ие болды. Одан бөлек, республикалық сайысқа жолдама ұтып алды.

 

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ МАХАМБЕТ

Жылыой ауданынан  сайысқа Кұлекеновтер отбасы қатысты. Отанасы Әлима сүт кенжесі Махамбет екеуі сайысқа түсті. Кішкентай Махамбет орындықта отырып, көрермендерге Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ өлеңін оқып, өзінің салған екі суретін таныстырды. Кейін «Ананың тілі» әнін шырқады. Жан-жақты өнері бар Махамбетке Жылыой ауданының әкімдігі 100 000 теңге жүлде ұсынды. Ал Құлсары қаласының кәсіпкері сыйлыққа үлкен барыс ойыншығын тарту етті.

Олардың отбасында 4 бала бар екен. Кенжесі Махамбетке туғанда церебралды сал ауруы диагнозы қойылған.

- Балам қаншама тырысқанымен, өздігінен жүре алмайды. Израильге барамыз деген ойымыз бар, бірақ біздің қаражатымыз жетпейді. Себебі отбасымызда күйеуім ғана жұмыс істейді. Балаға күтім қажет болғандықтан, менжұмысқа шыға алмай отырмын,- дейді Әлима.

 

ЕРЕКШЕ БЕКЗАТ

Исатай ауданынан келген Төреғалиевтер отбасында  Бекзат жалғыз ұл екен. Ол төрт жасында балабақшаға барып, түрлі салтанатты шараларға белсене араласты. Ал мектепте бірінші сыныпты үздік бітіріп, екінші сынып оқып жүрген кезінде басы қатты ауырып, мазасыз күйге түседі. Дәрігерлер оның басында ісік барын айтып, Астана қаласында басына ота жасатуға кеңес берді. Сөйтіп, Астанада Бекзатқа ота жасалып, ісік алынды. Ота сәтті өтті, бірақ Бекзаттың көзі көрмей қалды. Оған енді бәрін қайтадан бастауына тура келді. Жаңа туған сәбидей еңбектеп, жүруді қайта үйренді.

Ата-анасы да баласын «екі аяғыңа тік тұрасың, бәрі жақсы болады», деп сендірді. Қолына көзі көрмейтіндерге арналған сағат тағып берген. Бірақ ол орыс тілінде сөйлейді екен. Сегіз жасар Бекзат орыс тіліндегі сағатты өзі меңгеріп алды. Одан кейін ата-анасы Бекзатқа ұялы телефон алып берді. Оны да ол бір адамдай тез меңгеріп алды.

Бекзат - «Өмір гүлі» ансамблінің әншісі. Өзі шығарған өлеңдері «Мөлдір бұлақ» журналына басылып, «Алтын белгінің» иегері атанды.

 

САХНА ЖҰЛДЫЗЫ - ДИЛЯРА

Диляра анасымен бірге.Диляра анасымен бірге.Мақат ауданынан келген Жанғалиевтер отбасында 6 бала бар екен. Аналары Гүлзия – «Ардақты ана» құрметті атағының және «Күміс алқаның» иегері. Кенже қызы Диляра туғанынан церебралды сал ауруымен ауырады. Ол «Анашым» әнін шырқады. Мақат аудандық әкімдігі оларға кір жуатын машинаны сыйға тартты.

 

БӘРІ АРМАННАН БАСТАЛАДЫ

Осы сайыстың жарқыраған жұлдызы болып Атырау қаласынан Тасбаевтар отбасының кенже қызы Ақерке қатысты. Отбасында Ақеркенің екі ағасы бар екен. Ақерке 3 жасқа толғанда ата-анасы оның бойы өспей жатқанын бірінші рет байқады. Бұл жайт анасы Айманға ауыр тиіп, инсульт соқты. Денсаулығы нашарланып, өзі де 2-ші топтың мүгедегі болып қалды. Бірақ өзінің нашарлаған денсаулығына қарамай, Айман өзінің кенжесіне Илизаров аппаратын салдырып, емдеуге тырысты. Қазір Ақеркенің ата-анасы қызына барлық жағдай жасап отыр. Ақерке кішкентай кезінен ән айтып, би билеп, сахнаның жұлдызы болуды аңсады. Оның арманының орындалуына анасы сеп болды. Ол Ақеркені В.А. Евстифеев атындағы «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Таня ДЖАКУПОВАҒА таныстырады.

- Ақеркенің тұла бойы тұнған талант. Оның буындарының ырғақты қимылдары өзгеше, ал сыңғырлаған даусымен ол адамның жүрегін жаулап алады.Ол - ансамбль жұлдызы, әрі жүргізушісі, әрі әншісі және бишісі де, -дейді Таня Джакупова. Жыл сайын республикалық мүгедек балалардың арасында өткізілетін Астанадағы «Жұлдыз-ай» фестиваліне қатысып, Ақерке ән аталымынан 3-ші дәрежелі лауреат атағын иеленді. Сонымен бірге «Көрермендердің және Қазылар алқасының көзайымы» болып марапатталды.

Қазір Ақерке жалпыға бірдей орта мектепте оқып жатыр. Сыныптағы ең үздік оқушылардың бірі. Атырау қалалық әкімдігі Ақеркеге 50 000 теңге сый ұсынды.

 

ӘКЕ - ҚОРҒАН, ҮЙДІҢ ТІРЕГІ

Махамбет ауданынан келген Қияқбаевтар отбасының әкесі Бақытжан - бірінші топ мүгедегі. Оның көзі көрмейді, бірақ еш мойымай, нәпақасын тойдан тауып жүрген жайы бар. Ол сахнада «Ақ тілек» әнін орындады. Бақытжан «Өмір гүлі» ансамблінің бетке ұстар әншісі. Ал екі кішкентай ұлы әкесінің көзі болып, оған көмектесіп жүреді.

 

ҮЗІЛМЕЙТІН ҮМІТ

Қызылқоға ауданынан келген көп балалы Мұрзақұловтар отбасы 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр. Олардың 8 жасар Қайырлы деген ұлы Даун синдромына шалдыққан.

- Балам Даун синдромымен туды деген хабарды естігенде, мен қатты күйзеліске ұшырап, жолдасыма хабарды қалай айтарымды білмедім. Менің мазасызданғанымды байқаған жолдасым: «Бала тірі ме?» - деп сұрақ қойды. «Иә, тірі, бірақ ол Даун синдромымен туды», - дегенде, «Тірі болса болды» деп, баланы қолына алып сүйді. Сол сәтте екеуміз баладан бар көмегімізді аямаймыз деп бел байладық, -дейді отанасы.

Бастарына түскен қиындықтарға қарамай, үміттерін үзбей, олар балаларына бар жағдайды туғызып отыр. «Балаларымыз өмірімізге жылу сыйлады» дейді. Балалары да өте кең пейілді, мейірімді екен. Сайыста әкелері домбыраның сүйемелдеуімен «Әкеме» әнін көрермендерге шырқаса,  Қайырлы мен  оның 5 жасар інісі әкесінің әніне қосылды.

 

ҚУАНЫШ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ

Сайысты тамашалауға жиналған халық та осындай отбасылардың қуаныштарына ортақтасып отырды.

Көрермен Алтынай:

- Сайыс маған өте ұнады. Менің арбада отырғаныма 32 жыл болды, осындай сайыстарды көбірек өткізсе, біз де соған қатысып, шығармашылыққа, қолөнерге талпынуға тырысамыз ғой. Біздер де осы қоғамның тең мүшелері болғымыз келеді. Біздердің де ортаға салатын өнерлеріміз мол.

Бұл қайырымдылық шара тек сайыс өткізумен шектелмей, үкімет, кәсіпкерлер, демеушілер, тіпті бүкіл қоғам болып мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың отбасыларына жаңа достар табуға, білімдерін тереңдетуге, денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік жасап, көмек көрсетер деп үміттенейік.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суреттерді түсірген автор

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.