Көрнекі сурет.Нұрсая ықшамауданында «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында ТШО қаржыландырып отырған 624 орындық орта техникалық гимназияның құрылысы тағы да тоқтап қалды. Іргетас құю кезінде жер асты суларының жоғары деңгейіне байланысты мұнаралардың бірі отырып кеткен.
Естеріңізге салсақ, жер асты суларының жоғары деңгейлігі проблемасынан бір жыл ішінде ОТГ құрылысы екінші рет тоқтатылып отыр. Бірінші рет бұл көктемнің басында болып еді. Қазір, біздің деректеріміз бойынша, жобаға тартылған құрылысшылар ақысы төленбейтін демалысқа жіберілген. Мәселені нақтылау үшін біз ТШО-ға сұраныс жібердік.
Сондай-ақ Атырау облыстық құрылыс басқармасы техникалық бөлімінің басшысы Күлән ҚҰЛБАЕВА құрылыс жұмыстары тоқтатылғанын растады.
- Іргетасты құюда бір мұнара отырып кетіп, учаскеге тағы да жер асты сулары шығып кетті. Бірінші жағдайда су дренажды әдіспен қайтарылып еді. Қазір сол жерде тағы да геодезиялық жұмыстар жүріп жатыр.
Жобаның бас мердігері – «Капитал» ЖШС. «Капитал» ЖШС директорының орынбасары Алексей КЕЛЬДЕЕВ инженерлік-геологиялық жұмыстар 1 қазанға дейін созылатынын хабарлады.
- Мұндай жұмыстар бұрын жүргізілген. Алайда құрылыс алаңының үлкендігіне байланысты алаңдағы жер асты суларының көрсеткіштері әр түрлі. Мектептің үш блогының біреуі тұрған учаскеде жағдай мәз емес. Жоба бойынша мектеп «Т» тәріздес жасалған және осының солтүстік бөлігі жер асты сулары тұрақсыз қалыптасқан учаскеге тап болды. Инженерлік зерттеу жұмыстарын «КаспийМұнайГаз» ЖҚК» ЖШС жүргізіп жатыр. Олардың жұмыстары аяқталуда, алайда зертханалық жұмыстар көп уақыт алады. Осыған байланысты негізгі құрылыс жұмыстары тоқтатылды және бізде жұмыс жасайтын қосалқы мердігер «Райымбек Стройсервис» ЖШС-нің қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болып отырмыз. Жобаны тапсыру мерзімдері туралы айту қиын, алайда келісім-шартты кері қараған жоқпыз, барлығы да жер асты суларын зерттеу нәтижелеріне байланысты болмақ. Нысанды тапсыру мерзімін 2014 жылдың 1 қыркүйегін белгілеп отырмыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА