Атырау, 26 қараша 02:55
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шеберлер мектебі

6 464 просмотра

-  Cоңғы кездері құрылысшылар күнімен құттықтап, кәсіби мерекемізді атап жатқандары. Сіздерге рахмет, біздерді ұмытпай, елеп-ескеріп келіп жатырсыз, -дейді ағаш шебері Ерболат ЖҰМАҒАЗИЕВ (суретте).

Ол үшінші буындағы ағаш шебері. Ерболаттың атасы кез келген ағаштан нағыз өнер туындысын жасап шығаратын шеберлігімен ел аузында қалып, туған ауылында «шебер ата» атанған.  

Оның немересі Ерболат Жұмағазиев те өз ісінің шебері және өндірістік оқытудың аға шебері 24 жылдан бері Атырау энергетика және құрылыс колледжінде (бұрынғы №6 кәсіптік лицей) ұстаздық етіп келеді.  

Қазір біздің қалада құрылысшыларды екі оқу орындарында даярлайды. Оның бірі біз сөз етіп отырған колледж болса, екіншісі – Атырау индустриалды колледжі (бұрынғы №2 кәсіптік-техникалық лицей).

Біздің әңгімеміздің арасында кабинетке қарай белгілі суретші Рафаэль СЛЕКЕНОВ кіріп келе жатты, бірақ, сұхбат жүріп жатқанын көріп, есікті жауып, шығып кетті. Ол ағаш шеберіне суреттеріне жақтау жасатып алып жүр екен. 

- Суретшілердің шабыты келген кезде бізге келіп тұрады. Мен оларға сурет жақтауын жасап беремін. Кейін олар оны әдемілеп тұрып бояйды, өрнегін салады. 90-шы жылдары да жағдай қиындап кеткен кезде Әділқайыр ЖАНТАСОВ екеуміз бірге жұмыс істеп, нәпақамызды айырып жүрдік, - деп еске алады Ерболат.

Ол қолынан іс келетін жақсы мамандар ешуақытта қор болмайды, олар қашанда сұранысқа ие болады деген нық сенімде.

- Егер кімде-кім колледжден жақсы маман болып шықса, жақсы табыс табады. Күніне  тек бір есік қондырса да қарны тоқ жүреді. Себебі, қазір есіктерді қондыру бағасы - 3 000 теңгеден жоғары. Ал баға есіктердің құнына байланысты қойылады. Қазіргі есіктер де қымбат. Кем дегенде 10 000теңгенің есігін 3 000 теңгеге, ал 20 000 теңгенің есігін 5 000 теңгеге қондырады. Ал 80 000-90 000теңгенің есіктерін қондыру бағасы - 10 000теңге. Менің бір нағашым бар. Ол айына 10 есік қондырады. Сол тапқан табысына риза.  

Сондай-ақ, біз Ерболаттан мүмкіндікті пайдаланып, жеке тұрғын үй құрылысының бағалары жайында айтып беруін сұрадық. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті құрылысшылардың қызмет бағасы Өзбекстаннан келетін құрылысшылар бригадасы сұрайтын бағасымен теңесуге жақын.

- Мәселен, көлемі 10х12 метр бір қатарлы үй салуға өзбектер 800 мың теңге, көлемі 15х15 метр үйге 1 млн 300 мың теңгеге дейін сұраса, қазақ бригадасы 1 млн 500 мың теңгеге дейін, ал коттедж тұрғызуға 2 млн теңге сұрайды.Және өзбектер мен қарақалпақтар бригадасы 3-4 адамнан тұрса, қазақ бригадасы 6 адамнан тұрады, - деп түсіндірді ол.

Өткен жылдың басында Атырау энергетика және құрылыс колледжіне бас сұққанымызда, соңғы жылдары құрылысшы мамандығына оқығысы келетіндердің саны бірден азайып кетті деген әңгімені естіп едік. Бірақ, биыл бұл жағдай күрт өзгеріп, құрылысшы болғысы келетін талапкерлердің саны көбейе түскен.

Ерболат Жұмағазиев та осыдан төрт-бес жыл бұрын небары 6-7 талапкер ғана құрылыс мамандығын таңдап келетінін айтады. Ал былтырғы оқу жылында 60 талапкер оқуға құжат тапсырғанын мақтанышпен жеткізді. Енді колледжде құрылыс мамандығы бойынша оқытатын екі бөлім бар.

- Өткен оқу жылы бір орынға 2-3 үміткерден келді. Осы кезде колледжде келесі оқу жылына құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құрылыс бөліміне оқуға тапсырған 12 талапкер бар. Бұл біз қабылдауға тиісті 25 баланың тең жартысы. Демек, әлі де біршама балалар келеді деген сөз, -дейді колледж басшысы Нұрғали ТЕМІРТАШЕВ.

Мұндай өзгеріс немен байланысты? Колледж басшысы бұл биылғы жылдың басынан бастап көші қон заңнамасындағы сырттан келетін еңбек мигранттарына қатысты енгізілген өзгертулерге байланысты болуы да мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Сондай-ақ, Нұрғали Құмарұлы колледж бітірген түлектердің 95 пайызы (!) жұмыспен қамтылатынын айтып өтті.

Оқу орнының 19 әлеуметтік серіктесі бар. Колледж оқушылары онда жылына екі рет іс-тәжірибеден өтеді. Және оларға іс-тәжірибеден өткендері үшін 35-45 мың теңгеден ақы төленеді екен. Егер шәкірт өзін жақсы жағынан көрсетіп, көзге түсіп жатса, серіктестер тұрақты түрде жұмысқа да алып қалып жатады. Мәселен, әлеуметтік серіктестердің бірі «Альянск СК» ЖШС Айбек ИСАМБЕРГЕНОВТІ осылайша алып қалған. Айбек қазір онда терезелер мен есіктер қондырады. Мекемеде жұмыс істегеніне 5 жыл болыпты және қазір жақсы қырынан танылған.

- Құрылысшы мамандығын біреудің айтқанымен емес, өзімнің жүрек қалауыммен таңдадым. Бала кезімнен бір нәрсені құрастыруға, салуға көп қызықтым, -дейді Айбек.

Бүгінде Айбектің айлық табысы 70 мың теңгеден басталады. Колледж ұстаздары шәкірттерінің өздерінен де жоғары табыс табатынын айтып күліседі.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.