Атырау, 2 қараша 19:50
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

«Кальян? Қайдағы кальян?»

2 202 просмотра

Қаланың тәртіп сақшылар көңіл көтеретін орындардағы қорқор тартуға тыйым салған заңның қалай орындалып жатқанын тексеруді шешті. «Біз қоғамдық орындарда кез келген темекі бұйымдары сияқты қорқор тартуға да заңмен тыйым салынғаны туралы мейрамханаларға ескерту жіберген едік. Қазіргі уақытта көңіл көтеретін орындардың әкімшілігімен түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектелдік», - деп түсіндіреді ҚІІБ әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Асхат НҰРМАНОВ.

 

ТАБАЛДЫРЫҚТАҒЫ ӘҢГІМЕ

Полицейлер бірінші боп «Клеопатра» караоке-клубына келді. Есік алдында қарсы алған күзетші біздің бірнеше минут күте тұруымызды өтінді. Кейін мекеменің әкімшісін ертіп әкелді. Қазақстанда 14 наурыздан бастап қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салынғаны туралы Ирина КИМ хабардар екен:

- Біздің мәзірде бұрын да қорқор болмаған, ал қазір тіпті жоқ. Бізге артық қиындықтардың қажеті жоқ.

«Клеопатрадан» кейін полицейлер Cinzano барына кіргісі келіп еді, есік алдындағы әлжуаздау жігіт, күзетші болуы керек, мекеме есігі алдында тәртіп сақшыларының жолын бөгеді. Асхат Нұрманов өзінің келгендегі мақсатын түсіндіріп бағып еді, күзетші жігіт көнбеді. Полицейлер неге ішке кіре алмайды деген біздің сұрағымызға жігіт: «Олар дресс-кодтан өтпейді» деп шынайы жауап берді. Күзетшінің қылығын есік алдына шығып, табалдырықтан сөйлескен әкімші Ольга ТОЛСТОВА түсіндірді:

- Қазір біздің мекемеде араларында шетелдік азаматтар бар адамдар демалуда, оларды форма киген адамдармен шошытып алғаннан не пайда? Қорқор тартуға тыйым салынғаны туралы білеміз және оларды мәзірден алып тастағанымызға біраз уақыт болды. Қорқорға сұраныс бұрындары көп болды, қазіргі уақытта да қорқор тартудан бас тартпайтындар көптеп кездеседі. Бірақ, соңғы кездері осы тыйымның алынып тасталатыны туралы әңгімелер жүріп жатыр...

- Біз тыйым туралы айтып тұрмыз. Қазір тек ескертіп тұрмын. Тәртіп бұзылған жағдайда айыппұл салынатын болады, - деді қатал дауыспен А.Нұғманов.

Ішімдік ұсынатын барлық көңіл көтеретін орындар тәртіп сақшыларын іште қорқор жоқтығына сендірді. Тек солардың бірді-екісі ғана оларды ішке кіріп, өз көздерімен тексеруге шақырды.

 

СЕНЕДІ, БІРАҚ ТЕКСЕРЕДІ

- Біздер кез келген уақытта мейрамханаларға кіріп, заңның қалай орындалып жатқанын тексере алмаймыз. Ол үшін тексеру немесе рейдтік шаралар жүргізуге арнайы рұқсатымыз болуы керек, - деп түсіндіреді Асхат Шаяхметұлы. – Немесе азаматтардан осындай бір мекемеде заң бұзушылық орын алғаны жөнінде арыз түсу керек. Сол кезде біз арыз бойынша тексеру жүргізе аламыз. Қазір біз мекемелердің әкімшілерімен тек алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Олардың сөзіне сенеміз. Бірақ рейдік шаралардың ауылы алыс емес. Егер шара барысында мекемелерде қорқор тартушылар анықталатын болса, әкімшілік жазаға қорқор тартушылармен қатар мекеменің басшылары да тартылатын болады.

Заңды бұзған қорқор тартушыларға 1 мен 5 АЕК аралығында айыппұл салынады (1 АЕК –1731 теңге), мекеме басшыларына – 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал көңіл көтеретін орындардың иелеріне 40 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.